Жуырда ғана Астана қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. Жер-жаһанды жақсылыққа үндеп, бейбітшілікке шақырған жиын дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздіктен басталды. Мұның өзі адамзат баласы дініне, түріне, ұлтына бөлінбестен күллі әлемге тыныштық пен бейбіт өмір тілейтінін ұқтыра түсті.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» атты пленарлық отырысқа әлемнің ең құрметті рухани көшбасшы­лары жиналды. Атап айтсақ, Ватиканның және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискі Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келді. Көне әл-Азһар ислам университетінің Бас имамы, жоғары мәртебелі доктор, Шейх Ахмад ат-Тайеб,православ христиандары, Израильдің Бас ашкенази раввині Давид Лау және Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Йосеф де қазақ жеріне қонақ болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінің Қазақстанда өткізілуі кездейсоқ жағдай емес. Қазақ жерінің ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келгенін, діни ұстамдылық бәріне ортақ сипат екенін баса айтқан Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Қойлық деген орта ғасырдағы қаланы мысалға келтірді. Тарихи орында қазба жұмыстарын жүргізу барысында ХІІ–ХІV ғасырларда ислам, христиан және буддизм дінінің ғибадатханалары іргелес тұрғаны белгілі болған.
– Шын мәнінде, Қазақстан аумағы барлық әлемдік діннің киелі орындары көрініс тапқан карта іспетті. Мұсылмандар Арыстан бабтың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелеріне, Бекет атаның жерасты мешітіне және басқа да қасиетті жерлерге барып, зиярат етеді.
Таразда VIII ғасырда несторианшыл христиан шіркеуінің іргетасына салынған ең көне мешіт бар. Біз православ ғибадатханасы – Алматыдағы Вознесенск кафедралы шіркеуін мақтан тұтамыз. Осынау бірегей тарихи және сәулет ескерткіші әлемдегі ең биік ағаш храмдардың бірі саналады.
Солтүстік Қазақстан облысында Католик рухани орталығы орналасқан. Сталин репрессиясы және Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл орынның арқасында Қазақстанға жер аударылған поляк қауымы аштықтан аман қалды. Соның естелігі ре­тін­де Құдай ана ескерткіші орнатылған. Оны кезінде Рим Папасы ІІ Иоанн Павел дәріптеді.
Бүкіл әлемдегі еврейлер үшін раввин Леви Ицхак Шнеерсоннің Алматыдағы кесенесі қасиетті саналады. Қазақстан астанасында Орталық Азиядағы ең үлкен синагога «Бейт Рахель Хабад Любавич» орналасқан, – деді Қ.Тоқаев.
Президент әлемдік державалар арасындағы геосаяси қарсылық күшейіп, шартараптың түрлі аймақтарында шиеленістің көбейгенін де тілге тиек етті. Осы уақытқа дейін қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік жүйесінің жағдайы мәз емес­тігін де атап өтті.
– Экс­тремизм мен тер­роризм – әлі де ең күр­делі сын-қатер. Санкция салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс көмірқышқыл газдары шығарылымын нөлдік деңгейге түсіруге кедергі келтіреді. Бұл сынақтарға бейжай қарай алмаймыз. Кейінгі жиырма жылдағы табиғи апаттар, көпшілігі климат өзгеруіне байланысты шығын шамамен 3 триллион долларға жетті.
Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол – ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы аталған съезге әлемнің 50 елінен 100-ге жуық делегация қатысты. Ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм, синтоизм және басқа да дәстүрлі діндердің құрметті өкілдері келген іргелі жиында халықаралық ұйымдардың өкілдері, дипломаттар, саяси және қоғам қайраткерлері, ғалымдар да болды.
Көпшілік үшін съезге арнайы келген Рим Папасы Францисктың пікірі мен ұсынысы маңызды болғаны рас. Қазақтың киелі домбырасын мысалға келтіріп, оның үні Абаймен үндес екеніне тоқ­талған Понтифик әлемдік дін басшы­ларынан рухани таза­лық­ты, сананың тазалығын күтетінін атап өтті. Шынайы діндарлықты іздейтінін жеткізіп, фундаментализмнің әрбір наным-сенімді бұзатынын түсінетін уақыт келгенін алға тартты.
– Қазақстанның ең ұлы ақыны және қазіргі әдебиетінің атасы, домбырамен жиі бейнеленген ағартушы және композитор Абайды мысалға келтіремін. Шартарапқа танымал, дінге берік ақын халқының асыл жанын бейнелейтін шығармалар қалдырды. Оның дана парасаты, кішіпейіл сұрақ қою арқылы тыныштыққа ұмтылуы, даналықты іздеуі, әрдайым түрлі тәжірибелерден шабыт алуға шақыруы өнеге. Абай «Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?» деген көнермейтін сауалды қоя отырып, бізді сынайды.
Осындай сұрақтар адамзаттың дінге деген мұқтаждығын көрсетеді. Ол жердегі мүдделерді қанағаттандыру немесе таза экономикалық қарым-қатынас орнату үшін өмір сүрмейтінімізді еске салады. Өмірдің мәнін түсіну, рухани тұрғыда тәрбие алу секілді өзекті мәселелерге терең бойлауымыз керек. Абай айтқандай, «көкірегі, көңілі тірі» болуымыз қажет, – деді Франциск.
Әлемде қанша дін болса да, бәрінің көздеген мақсаты бір. Ол − адамзатқа ортақ Жер шарында бейбітшілік­пен ғұмыр кешу. Алайда қазір тыныштықты тату келісіммен емес, қару-жарақ асынған қақтығыспен шешу белең алуда. Рим папасы соғыс жолымен шешілетін мәміленің нәтижесі оң болмайтынын баса айтты. Бұл өз кезегінде жер-жаһан көз тіккен жиынның мақсатын айқындай түскендей болды.
− Қатаңдықпен, экстремизммен және фундаментализмнің түрлерімен Құдайдың есімін қорлайтын және оны өшпенділік, фанатизм және терроризм арқылы мансұқтайтын, адамның бейнесін де бұзатын және төмендететін деструктивті түсініктерден арылайық. Абай айтқандай, «адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім… Ол – Жаратқан Тәңірінің ісі». Ешқашан зорлық-зомбылықты ақтамаймыз. Қасиеттілікті арам адамдардың пайдалануына ешқашан жол бермейік.
Құдай мен бейбітшілік – егіз ұғым. Ол бізді соғыс жолына емес, әрқашан бейбітшілікке бағыттайды. Олай болса, қақтығыстарды күшпен, қару-жарақпен және қоқан-лоқымен емес, аспан жарылқаған және адамға лайық жалғыз әдіспен – кездесу, диалог және келіссөздер арқылы шешуді талап етейік. Жастар үшін бейбітшілік қажырлы келіссөздердің нәзік нәтижесі ретінде емес, олардың даму мен жарқын болашаққа деген ұмтылысы болғаны қажет. Осы тұрғыдан алғанда Абай өзгенің білімін, тарихын, әдебиетін қабылдау үшін алдымен өз мәдениетінің шегінен шығуды, білім алуға үндейді. Қаруға емес, білімге инвестиция салайық, – деді Франциск.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев VII съездің жабылу салтанатында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі VIII съезі 2025 жылы еліміздің астанасында өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ алқалы жиында Англикан шіркеуінің арнайы өкілі Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс VII съездің қорытынды құжатын жариялады.
Бейбітшіліктің бастамасы саналатын съез алқалы жиынмен ғана шектеліп қалмады. Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев VII Съезд делегаттарымен бірге жаңа «Бейбітшілік және келісім саябағының» негізін қалады. Форумға қатысушылар жаңа саябақта 60 тал отырғызды.
Есіл өзенінің жағалауында орналасқан демалыс орны Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен этностар арасындағы достық пен бірліктің символына айналады деп күтілуде.
Жобаның басты идеясы саналатын, күмбез түрінде жасалған «Өмір ағашы» монументінің дәл ортасына емен ағашы отырғызылған. Ол спиральмен және үйлесімді фонтанмен қоршалған.
Идея авторларының пікірінше, су мен сан ғасырдан тамыр тартатын өмір ағашы Жер бетіндегі тіршіліктің жалпыадамзаттық құндылығын дәріптейді. Осылайша, жаңа туынды діні мен сеніміне қарамастан планетамыздағы барлық адамды келісімге, бейбітшілікке және достыққа шақырады. Ал, күмбез бір аспан астындағы бейбіт өмірді бейнелейді. Онда әлемнің төрт бұрышы – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс және Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады.
Күмбездің қабырғаларында Әлемнің жаратылуы мен Қазақстандағы тарихи оқиғаларды көрсететін бейнелер және еліміздің аумағынан табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспан (күмбез) мен жерді (су беті) біріктіріп, әлемнің нәзіктігін суреттейді.
Саябақ құрылысы 2023 жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Гүлдана Жұмадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!