Қарулы күштер басқару органдарының офицерлері Қызылорда гарнизонында болып, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жазғы оқу кезеңіне дайындық барысы мен моральдық – психологиялық жай-күйін тексерді.
Әскери бөлімшелерде полковник Абай Абдуллаев бастаған комиссия жұмысты әрбір әскери қызметшінің моральдық-психологиялық жағдайын, мемлекеттік – құқықтық дайындығын және жеке құрамның саптық байқауын тексеруден бастады. Әскери қызметшілердің киім нысаны мен киім-кешегі, бөлімшелердің жеке құраммен жасақталуы, бөлімнің қару-жарағы мен әскери техникасының жай – күйі тексерістен өтті. Әскери бөлімді аралау барысында әскери қызметшілермен сұхбаттасу болып, арнайы сауалнамалар өткізілді.
Сонымен қатар «Тереңөзек» оқу – жаттығу полигонында болып, атыс алаңының алдағы жауынгерлік жаттығуларға әзірлігін бақылады. Бөлімнің жауынгерлік, оқу – материалдық, техникалық базаларының және кұжаттарының дайындығы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Алдағы жазғы оқу кезеңіне жоспарланған жауынгерлік даярлық сабақтарын сапалы жүзеге асыру әрбір әскери қызметшінің кәсіби біліктілігін арттыруға өз септігін тигізеді. Осындай тексерістер барысында жеке құрамның іс – қимылдарды үйлестіруі, жауынгердің өз міндетін түсінуі және қойылған тапсырмаларды кәсібилікпен орындауы кезең-кезеңімен жетілдіріле түседі, – дейді комиссия төрағасы полковник Абай Абдуллаев.
Жаңа оқу кезеңіне сапалы дайындық мақсатында бөлімде жеке құрамды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған нұсқаулық-әдістемелік және көрнекі сабақтар өткізіліп келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!