Әдетте әскери өмірді тек тәртіп пен заңға бағынған сарбаздың бейнесімен елестетеміз. Алайда ел тыныштығын күзетіп жүрген ұландықтардың арасында руханиятқа ден қойған, әдебиетті қастерлейтін жастар бар.
Солардың бірі – Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген жауынгер Бақытжан Артықбай. Бала күнінен әдебиетке құмар болып өскен ол түрлі сайыста бақ сынап, Абай оқуларының бас жүлдесін де иеленген. Бүгінде ол ақынның елуге жуық өлеңін жатқа біледі.
– Абайдың сөзі – адамгершілік пен парасаттың мектебі. Қатарыммен сап түзеп, ел тыныштығын күзетіп жүргеніммен, бос уақытымда Абай өлеңдерін қайталап, ішкі жан-дүниемді тәрбиелеуге тырысамын. Оның әр жолынан рухани тереңдік, тәрбие мен тағылым сезіледі, – дейді жас сарбаз.
Ал қатардағы Жұлдызбек Ромашевтың әдебиетке деген қызығушылығының артуына отбасы себеп болған. Анасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан, ол да бала кезінен Абай мұрасына қанық болып өскен. Ол да республикалық Абай оқуларының жүлдегері атанған.
Қос сарбаз әскери борышын өтеп қана қоймай, рухани байлықты қатарластарына үлгі етіп жүр. Әр сапта, әр әңгімеде Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, жастардың ой-санасына сәуле түсіруді мақсат етеді.
Бұл – Ұлттық ұландағы сарбаздар тек қаруды ғана емес, рухани қазынаны да серік ете білетінін көрсетеді. Ел тыныштығын күзетіп жүріп, елдің рухын асқақтату – нағыз азаматтың ісі.
Бүгінгі сарбаз – елдің ертеңгі тірегі. Ұрпақтың рухын тәрбиелеу майданда да, бейбіт өмірде де тоқтамауы тиіс.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!