Қаржылық сауаттылық – қазіргі қоғамда әр адамның өміріне тікелей әсер ететін маңызды дағды. Қаржы құралдарын дұрыс пайдаланбау қарызға батуға, жинақтың болмауына және тұрақсыздыққа әкеледі. Ал керісінше, қаржылық білім мен тәртіп адамды экономикалық тәуелсіздікке жеткізіп, болашаққа сенімділік сыйлайды. Ал сонда қаржылық сауаттылықты қалай арттыруға болады?

Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қазақстандықтар банктен 41 триллион несие алған. Ал бұл саннның 54%-ы қарапайым халыққа тиесілі.

Қаржылық тәуелсіздікке жету – әркімнің өз қолында. Ол үшін бүгіннен бастап кіріс пен шығысты есепке алып, ақшаны тиімді жұмсауды үйрену жеткілікті. Жеке қаражатты дұрыс басқару үшін үш негізгі қағиданы ұстану қажет: табыс, шығын және жинақ арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Өкінішке қарай, қазақстандықтардың басым бөлігі ең алдымен шығындарын жоспарлап, содан кейін ғана қалған қаржысын жинақтауға тырысады. Ал шын мәнінде, қаржылық тұрақтылыққа жетудің негізгі жолы – алдымен жинақтау, содан кейін ғана қалған ақшаны жұмсау.

Экономистердің пікірінше, адамның қаржылық жағдайы көбіне оның табыс деңгейіне емес, ақшаны дұрыс басқару қабілетіне байланысты. Яғни, табысы жоғары адамдардың барлығы бірдей қаржылық тұрақтылыққа ие емес. Себебі олардың кейбірі бюджетін жоспарламай, ақшаны ойланбай жұмсайды. Ал керісінше, егер қаржылық сауаттылық жоғары болса, орташа табыспен де молшылықта өмір сүруге болады.

Экономист, қаржы сарапшысы Лаура Ахатова қаржылық сауаттылық кез келген адамның өмірінде маңызды рөл атқаратынын айтады.

– Дамыған елдерде бұл пән мектеп бағдарламасына енгізілген. Біздің елде де мектептерде қаржылық сауаттылық негіздерін оқыту керек. Өйткені балалар ақша құнын, оның дұрыс бөлінуін, жинақтау мен инвестицияның маңызын түсінбей өседі. Қазіргі таңда жастар несиеге, микрокредиттерге оңай қол жеткізгенімен, оны өтеудің механизмін толық білмейді. Бұл болашақта қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін, – дейді ол.

Расымен, болашақта әмиянындағы дүниеге еге бола алатын буын өссін десек, мектептен бастап қолға алған дұрыс. Қазір әлемнің көптеген елінде қаржылық сауаттылық арнайы пән ретінде оқытылады. Мысалы, АҚШ, Сингапур, Финляндия мектептерінде балаларға бюджет жүргізу, салық төлеу, инвестиция және несиелер туралы білім беріледі. Қазақстанда бұл пән әзірге мектеп бағдарламасына толық енгізілмеген. Бірақ мамандардың айтуынша, қаржы пәні мектепте оқытылуы тиіс. Себебі, ересек өмірге аяқ басқан жастардың басым бөлігі несиенің пайыздық мөлшерлемесін, салық жүйесін, жеке бюджет жасауды білмейді.

– Қаржылық сауаты жоқ жастар алғашқы айлығын алған бойда қымбат телефон немесе несиелік қарыз алып жатады. Ал олар қаржылық жоспарлауды мектептен үйренсе, мұндай қателіктерден аулақ болар еді, – дейді Л.Ахатова.

Иә, қаржылық сауаттылық кез келген адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Сонымен балаларға қаржылық сауаттылықты қалай үйретеміз?

Қаржы мәдениеті отбасыдан басталады. Баланы кішкентайынан ақша жинауға, ақшаны мақсатты түрде жұмсауға үйрету керек. Ол үшін мамандар келесідей кеңестер береді.

Алдымен қалта ақшасын жоспарлауды үйрету. Балаларға берілетін қалта ақшасын белгілі бір мерзімге жоспарлау қажет екенін түсіндіру керек. Оларға ақша үнемдеудің маңызын ерте жастан ұғындырған жөн. Сонымен қатар, жинақ жасауға дағдыландырып, бала қалаған затын сатып алу үшін бірден ата-анасына жүгінбей, белгілі бір соманы жинақтауды үйренуі тиіс. Егер қызықты тәсіл іздесеңіз, балаларға арналған арнайы экономикалық ойындар, монополия сияқты үстелойындары қаржы туралы түсінікті қалыптастыру үшін қолдансаңыз болады. Ал күнделікті шығынды есептеуді үйретіп бастасаңыз, бала қаржының маңызын түсінеді.

Қаржылық сауаттылық – бала кезден қалыптасатын дағды. Бұл жерде басты рөлді ата-ана атқарады. Лаура Ахатованың пікірінше, қазақ отбасыларында қалта ақшасы көбіне тек тамаққа арналған қаражат ретінде беріледі. Ал шын мәнінде, балаға қаржы мәдениетін үйрету үшін оны айлық бюджетпен қамтамасыз ету керек.

Ең бастысы қаржылық білім бүгіннің талабы екенін ұмытпаған жөн.

Динара ЖҰМАДІЛ,
студент

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!