Көп жағдайда денсаулығымызға кері әсер етіп жатқан нәрселердің өзіміздің тәуелді дағдыларымыздан пайда болғанын мойындай бермейміз. Мәселен, шылым шегудің денсаулыққа орасан зор пайда әкелетінін білсек те, «ақшаға келді ғой» деп сорғылап тастаймыз. Көру қабілетінің төмендеуін гаджеттерге қарағанымыздан көрмейміз. Бірақ шындыққа тура қарау керек екенін естен шығарып жатамыз. Адам – Құдай жаратқан мақұлықтардың ішіндегі ақыл-ой, сана бергені. Бірақ зиянын біле тұра саналы түрде осы бір зиянды әрекеттерден өзіміздің нәпсімізді тыя алмай жататынымыз айқын көрініп тұрады. Хош, айтпағымыз тереңде жатыр. Сол смартфон гаджеттердің тек көздің көру қабілетіне ғана емес, баланың өз уақытында сөйлей алмауына да әкелетінін айтқан мамандар дабыл қағып жатыр. Сізге балаңыздың тыныш отыруы маңызды ма, әлде сөйлеу, көру қабілетінің өз деңгейінде болуы маңызды ма? Таразы басында осы екі ұғым тұр.

Көрген көзде жазық жоқ,
Билемесе сана өзі…

Бүгінде бесіктен белі шықпай жатып, көзілдірік киіп, әлемге әйнектің арғы жағынан қарайтындар артып келеді. Бір қорқыныштысы, көзәйнектің көмегіне мұқтаждардың қатары жасаруда. Әлем бойынша 200 миллион адам түрлі көз ауруынан зардап шегеді. Әсіресе Орта Азия елдерінде көп таралған. Нақтырақ айтсақ, 200 миллионның 11,7 миллионы осы Орта Азия халқы. Бір қызығы, жаңа технологиясы өрістеп дамыған Еуропада бұл көрсеткіш төмен. Яғни, әлгі сандық деректің 0,5 процентін ғана құрайды. Әлемдік ғалымдардың пікіріне сүйенсек, 2050 жылға дейін көзілдірікке мұқтаждар саны 550 миллионға жетуі ықтимал. Айтпақшы, тағы бір қызықты дерек, көзге линза салдыру 1960-1970 жылдары Англия, Ресей және Жапонияда ғана жүзеге асырылған. 1980 жылдары біздің елге де келді.
Қызылордаға оралайық. Аймақта көзі нашар көретін 250 мыңға жуық бала тіркелген. Жыл бойына орташа есеппен 5000-ға жуық бала тексеруден өтеді. Қазір көз ауруына қатысты көру қабілетінің аномалиялық рефракциясы ақауы, қыликөздік, конъюктивит, блефарит, теріскен тәрізді қосалқы көз аурулары, суқараңғылық, яғни, туабітті аномалия тәрізді түрлері бойынша тіркеуде тұрған балалар бар. Мамандар оның көбеюін күнделікті тұтынатын тағам құрамындағы химиялық заттардың көбеюімен, смартфон, гаджеттерді көп қолданумен байланыстырады. Алдыңғы себепке қатысты қажетсіз қоспалар ағзадағы зат алмасу процесін бұзып, адам денсаулығына кері әсер ете бастайды. Бұған дейін де мәселені зерделеп, облыстық балалар ауруханасына барған едік. Балалар офтальмологы Айжан Бақбергеновамен тілдестік. Маманның айтуынша, бүгінде пациенттер арасында мектеп жасына жетпеген балалар көп.
«Жалпы балалар арасындағы көз ауруының жиілеп кетуі әлем бойынша өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ата-аналардың қателігі де сол: баланың көз ауруларын мектеп жасына жеткен соң ғана анықтауға болады деп ойлайды. Өкінішке қарай, сәби көзінің ауырғанын, көру қабілетінің төмендегенін сезбейді. Дүниеге келгеннен кейін-ақ офтальмолог сәбидің көзін қарау керек. Ол баладағы туа бітті көз ауруларын анықтауға мүмкіндік береді. 6 ай, содан соң 1 жастан кейін тексерілсе, көздің дамуын анықтауға болады. Мысалы, суқараңғы – көздің ішкі қысымының шамадан тыс артып кетуінен пайда болатын созылмалы ауру. Кесел адамның әлеуметтік жағдайына қарамайды. Аурудың белгілері кейбір адамдарда байқалмайды және білінбейді. Науқас адам ешбір белгілерді байқамағандықтан уақыт өткізіп алса немесе біліп тұрып емделмесе 4-6 жыл ішінде зағип болып қалады. Сондықтан әрбір адам көзі ауырса да, ауырмаса да, көру қабілеті жақсы болса да, жылына бір рет дәрігерге тексеріліп, көздің ішкі қысымын өлшетуді әдетке айналдыру қажет. Оның белгілері көздің алды тұманданғанда, алдындағы зат айқын көрінбесе, бір жақ көз, бас қатты ауырса, көз қызарып, қабақ ісінсе, көздің көруі нашарласа, көз дәрігеріне қаралыңыз. Себебі, суқараңғылық аяқ астынан дамып, көру қабілетінен айырылып қалу қаупі жоғары, – дейді Айжан Жұпарбайқызы.
Уақыт – жүйрік. Кез келген мәселені күн ұзатпай шешу қажет. Білікті маман қай нәрсені емдеу үшін де дер кезінде келу керегін нықтап айтты.
«Офтальмологтар балалар арасында да көз ауруларының көбейіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұл келеңсіздіктің жылдан жылға артуына ата-ананың бала денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы себеп. Мәселен, үлкендер өзінің құлағы тыныш болуды ойлап, баланың теледидар алдында сағаттап отыруына жол береді. Мұнан бөлек, бала компьютерде ойын ойнайды, ұялы телефон, планшетпен сағаттар бойы отыратыны жасырын емес. Күні-түні телефонға, теледидарға, компьютерге шұқшиған баланың көзі тек жақыннан жақсы көруге қалыптасады. Нәтижесінде алыстан көрмеушілік дерті пайда бола бастайды. Әсіресе алғаш мектепке барғанда міндетті түрде көзінің саулығын тексерткені абзал», – дейді офтальмолог.

Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ,
Тілге келмейтін тентек жоқ…

Мәселені айтып қалдық. Жаңа технологиялар бала тілінің кеш шығуына да түрткі. Демек, балалар арасындағы көз көру ғана емес, сөйлеу жағдайы да алаңдатады. Бұл бағытта №3 қалалық емханасының логопед дәрігері Гаухар Телғарақызымен әңгімелескен едік.
«Қазіргі таңда «цифровой аутизм», жалпы тіл дамуының қалыс қалу деңгейлері диагнозы көбейіп жатыр. Бұл дерттің негізгі факторы гаджеттерді шамадан тыс көп пайдалану деп санаймыз. Әрине, мұнан өзге де факторлар көп қой, бірақ негізгісі осы. Бала кішкентайында дамып келе жатқанда уілдеу керек. Ата-анасы баламен контактіге түскен кезде, балалармен ойнаған кезде бірнеше даму сатыларынан өту керек. Қазір осы мәселе күн тәртібінде. Ата-аналарға тиімдісі смартфон, теледидар, компьютер болып тұр. Бала сәл дыбыс шығарса, қолына ұстата қояды. Енді тілі шығып келе жатқан балаға бұлай жасау қастандықпен пара-пар. Оның көзбен көру қабілетін ғана дамытып, дыбыстық дамуын кешеуілдетіп жатыр. Құлақпен есту, оны ми қорыту және қорытқан нәрсені қайта шығару жүйесі өз уақытынан кешеуілдеп, дамымай қалады. Барлығы өз деңгейінде жетілу керек. Мәселен, мультфильмдер көп, ағылшын, қытай, орыс тілдерінде, тағы бірі мылқау мультфильмдер. Бала соны қабылдап отыр миға. Бала 7 жасқа дейін секіріп, жүгіріп ойнау керек. Физикалық ойлау да болу керек. Ал смартфонға қарап отырып үйренген бала қозғалыс былай тұрсын, мәтінді берсеңіз, оқиды, бірақ миына ештеңе тоқымайды. Міне, осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл жағдайда ми бір-ақ функциямен шектеліп қалады. Тек қана – көру. Ал қорыту, анализ жасау деген функциялар істен шығады. Түсініп отырсыз ба? Бұл – үлкен мәселе», – дейді ұрпақ саулығына мұқият қарайтын маман.
Тұтастай орманды бір тал шырпы ғана өртеп жіберуге қауқарлы. Иә, иә, дәл осы тәрізді өмірімізде «талай ауыр жұмысты жеңілдетті, көп мүмкіндіктер сыйлады» деп жүрген гаджеттердің де зияны көп. Бұл – жай мәселе емес, ұлттық түйткіл. Ұлт болып ұйысқандағы мақсатымыз ұлт болып қалу болса, ұрпақтың болашағына алаңдауымыз керек.
«Гаджеттің тағы бір кері әсері бар. Жұрт «Ой, телефоннан біз қытайша үйрендік, ағылшынша білдік» деп жатады ғой. Оның бәрі уақытша нәрсе. Ол мақсатшылдықпен емес, автоматты түрде болып жатқан нәрсе. Ол ағылшынша түсінік айтып, сөйлесіп отырған жоқ. Ол тек жаттанды сөзді айтады. Басқа тілде сөйлеп үйрену үшін алдымен өз тілін меңгеру керек. Қазірде балалардың 3-4 сыныпта түсінік айту сабақтарында мынадай мәселе болып жатыр. Гаджеттерді көп пайдаланған толқын ғой бұлар. Олар оқиды, көреді. Бірақ оқыған нәрсені түсіндіріп айтып, бере алмайды. Тақпақ та жаттай алмайды. Көрдіңіз бе, тек көру қабілетінің ғана дамығаны. Бір кездері құлағым тыныш болсын деп қолына гаджет ұстатқан балалар бүгін осындай мәселе тудырып отыр. Оны сіз қайтадан қалай тәрбиелейсіз?! Миы қабылдамай тұр. Қорыту процесі дамымаған соң бала
әлі өз деңгейіне жете алмауда. Үлкен сыныптың балаларына қарапайым жұмбақ қоясың, шеше алмайды. Мақал-мәтелді оқып беріп, мағынасын түсіндіріп беруін сұрасаңыз, оны да айта алмайды. Олардың миы қорытпайды. Гаджеттер былай тұрсын, теледидардың өзіне уақытты шектеу керек. 10 жасқа дейін балаға смартфон, гаджет деген мүлдем болмайды. Гаджеттің тағы бір әсері – баланың контактіге түсе алмауы. Қоршаған ортамен араласа алмайды. Қолына телефон ұстаған баланың үнсіз қалғаны тәрізді ол өз әлемінде қалып қояды. Басқа балалармен тіл табыса алмайды, – дейді Гаухар Телғарақызы.
Қазақта балаларға қатысты «Жыламай тамақ ішпейді» деген тіркес бар. Иә, белгілі маман бұл жерде баланың кішкентайынан бастап, қалыптасуындағы әрбір детальдің маңызды екенін айтады.
«Ойыншықпен ойнаған бала оны қолына ұстайды, тістейді, сонан соң ойнайтын зат екенін ұғады. Ал телефон ұстаған бала не істейді? Ешқандай әрекет етпейді. Ол физикалық тұрғыда қозғалмастан отыр. Қол-аяқ, бәрінде ешқандай қозғалыс жоқ. Ойынды тану көзқарасы да қалыптаспайды. Әу бастан іргетасы қалай дамыса, солай қалыптасады. Тіпті, 5 жасқа дейін қасық-кесе қолдануға баулып, өз бетінше тамақтануына үйрету керек. Былайша біліне бермес. Бірақ баланың сөйлеу қабілетінің дамуына бұл да ерекше ықпал етеді. Мысалы, пандемияның кезінде балалар онлайн оқыды. Таң азаннан қара кешке дейін смартфон, гаджеттерде отырды. Міне, осы кездерде балалардың арасында тұтығып сөйлеу диагнозы көбейді. Ол уақытта балаларға ешкім шектеу қоймады», – дейді логопед.
Осыдан біраз жыл бұрын мектеп бітірушілерден емтиханды тестілеу арқылы алуды бастаған сәтте алдыңғы толқын өкілдері «Өз ойын еркін айта алмайтын, тек белгілеп сызуға ғана бейім ұрпақ қалыптасады» деп дабыл қаққан болатын. Біз баланы тәрбиелеп, білімді етуде артық қадамдар жасап жіберіп, салдарын енді сезініп жатқан тәріздіміз.

Жүйкесі жұқарған бала қайдан шығады?
Жоғарыда смартфонды серік етіп, өзінің әлеміне басқа ешкімді қабылдамай, оқшау өмір сүретін балалар жайлы айттық. Иә, көз көру, сөйлеу, ойлау жүйесі, тіпті физикалық тұрғыда қозғалыссыз бала үшін мына өмірде ең қымбаты – қолындағы смартфон. Өйткені ондағы мүмкіндіктер алаңында бала күнінен тұрақтаған. Егер сіз баладан сол «мүмкіндіктер аймағын» тартып алыңыз. Не болады?! Онсызда телефонын алып қойғаны үшін бір-бірін өлтіруге дейін барған бейнематериалдар желіде желдей есіп жүр. Оның салдары қалай болатынына ешкім бас ауыртқысы келмейтін секілді.
«Гаджеттердің тағы бір әсері – балалардың мінез-құлқы. Агрессивті, жүйкесі жұқа, шыдамсыз – осының бәрі гаджетті көп пайдаланғаннан туындайды. Алдымен, ең үлкен жауапкершілік – ата-анада. Олар баланы бала етіп өсіру керек. Әрбір бала – тұлға. Оны тиісінше қамқорлық пен махаббатқа бөлеп, өмірін шуаққа толтыру керек. Бала мейірім мен махаббатты, бірге ойнайтын досты гаджеттен іздеп кетпесін. Ең басты мәселе осында жатыр», – дейді Гаухар Телғарақызы.
Расында, бүгінде психологиялық тұрғыда әлжуаз толқын қалыптасуда. Шынайы өмір мен виртуалды әлемнің ара жігін ажырата алмай, екі ортада жүрген осы толқынды «емдесе» болмайды. Ондай балалар адамдармен қарым-қатынас жасай алмай, қоғамға сіңісіп кетуі қиынға соғатын көрінеді. Мұның бәрін психологтар ұялы телефонның салдары екенін айтады.
«Телефонын тартып алсаңыз, тіпті, жас балалардың өзі де ашуланып, ұрсысып шыға келеді. Осыдан-ақ олардың санасында тәуелділік барын аңғаруға болады. Балалардың психикасы өте әлсіз. Сондықтан олар сыртқы әсерлерге тез еліктегіш келеді», – дейді психолог Сымбат Иляшова.
Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан үзінді «Найман ана» әңгімесін оқып па едіңіз?! Сондағы мәңгүртті тұтқынға түсіп, шашын тықырлап, көпеш кигізбей-ақ, несиеге сатып алып жүр екенбіз. Иә, иә, жата қалып, жер тепкілеген еркетотайлар ата-анасының жанын шыжғырып, банкке белшесінен батырып, аяғында осындай миы қорытпас пенделерге айналуда. Әлбетте, бұл түйткілді тарқату үшін арнайы заң шығарғаннан әр ата-ана жауапкершілікке алып, өз отбасынан бастау керек қой. Әй, бірақ бір заң шығарып, мемлекеттік қызметкерлерге де смартфон сипатпай қойған үкімет балаларды да тыйып тастаса болмас па?! Біздікі жай ұсыныс пен ойлау ғана. Әрі қарай қолында қайраты барлардың қамданатын ісі. Сіз не дейсіз оқырман?!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!