Фото: akorda.kz

Алматыға жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» алаңында өтіп жатқан мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі. Ол барша қазақстандықты Наурыз мейрамымен құттықтады, – деп хабарлайды Аikyn.kz.

– Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда. Белсенді, санасы сергек, ойы ұшқыр, адал, көзі ашық жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде егемендігіміздің алтын бесігі болған Алматыны еліміздің рухани, ғылыми және экономикалық орталығы деп атады.

– Алматы бүкіл Қазақстанның өркендеуіне зор ықпал етеді. Сондықтан мен Алматының дамуын, қала тұрғындарының тыныс-тіршілігін айрықша назарда ұстаймын. Әсем Алматымыз болашақта бұдан да көркейе беретініне сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!