Қырмызы қыздармен әлемнің құлпыра түсетіні рас. Айтулы мерекеге орай, өне бойында өжеттілігі мен өнегесі қатар қабысқан Қуатова Мақпал Бисенбайқызы туралы сөз өрбітсек дейміз. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне қызметке орналасқанына 9 айдың жүзі болған. Бүгінде ол Режим және күзет бөлімінің бақылау-өткізу бекетінің бақылаушысы әділет кіші сержанты.
Асқақ арманның адамды адастырмайтыны анық. Жүрек қалауына құлақ түрген Мақпал Бисенбайқызының жетекші саланы жат көрмеуі содан. Он тоғыз жасында елге адал қызмет етуге ант қабылдағаны да бекер емес. Өйткені, берік ұстанымы мен жасымаған жігері бар. Талаптың тұлпарына мінген арудың әділдіктің ақ туын тік ұстайтынына сеніміміз мол.
Мың құбылған қоғамда жүректегі жарықты жоғалтпаған игі. Жүзінен мейірімі төгілетін Мақпал Бисенбайқызы ұжымда сыйлы. Тәртіп пен талаптың ортасындағы қызметкер өнерді де өгейсімейді. Яғни, бос уақытында бимен айналысып, ырғаққа ілесе, жан-дүниесін шабыт пен қуатқа толтыратын көрінеді.
Мақсаты – табанды еңбек етіп, саланың үздігі атану. Міндетін мүлтіксіз орындауға тырысатын жас қызметкердерің алар асуы биік деп білеміз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!