Қоғам тыныш көрінгенімен, оның қойнауында талай толқын буырқанып жатары анық. Сырт көзге бейбіт көрінген мектеп дәліздерінде де үні шықпас қауіп бар. Қазіргі жасөспірімдер әлемі сырттай қарағанда түсінікті секілді, дегенмен оның ішкі табиғатын түсіну қиын. Жастар арасындағы буллинг, бір-біріне өктемдік жасау, ақша жинау мәдениетінің ушығуы, «район» деген ұғымның қайта тіріліп, өркен жаюы қоғамдағы деградацияның айқын көрінісі.
Жастың бойындағы қатігездік ойдан шығып жатқан жоқ, оны өсіріп отырған ортаның өзі. Жүректегі мейірімге салмақ түссе, оның орнын ашу басады. Мақаламызда кеңінен тоқталамыз.
БУЛЛИНГ: ЖАҢА ЗАМАННЫҢ «ЖАРАСЫ»
Мектеп дәлізінде бір-бірін итермелеп, әлеуметтік желіде мазақтап, чаттарда топтасып қорқыту бүгінде күнделікті көрініске айналып кеткен. Буллинг жаңа ғасырдың жалаң қылышы секілді. Көрінбейтін жара салады. Таспаға түсірілген мазақтау, желіде тараған қорлау сөздер, фейк аккаунттардың артындағы «жасырын жауынгерлер» – барлығы жасөспірімнің жүрегіне оқ болып қадалады. Мұндай оқтың жарасы терең, тыртығы ұзақ сақталады.
Бала эмоциясын меңгермесе, ішіндегі арпалыс сыртқа агрессия болып шығады. Виртуалды әлемде жасалған әрбір келемеж еш кедергісіз тарайды, ал буллингтің құрбаны болған жасөспірім айығуы айларға, тіпті жылдарға созылмасына кім кепіл?
– Статистикалық мәліметтерге назар салсақ, кейінгі 10 ай ішінде қала көлемінде кәмелетке толмағандар қатысты 32 қылмыстық дерек, кәмелетке толмағандарға қарсы 76 қылмыс, сондай-ақ жастардың суицидке баруына қатысты 7 факт тіркелген. Бұзақылық, топтық төбелес, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтіру, ұрып-соғу, тонау-ұрлық және жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстардың жасалғаны анықталды, – дейді қала прокурорының орынбасары Сая Темірбекова.
Қатігездік аспаннан түскен жоқ. Әр дүниенің бастау бұлағы бар.
Алдымен отбасы. Үй ішіндегі дауыс көтеру, түсініспеушілік, бір-біріне деген құрметтің болмауы бала жадында сақталады. Қазіргілердің тілімен айтқанда «травма» қалдырады. Үйде көргенін мектепте қайталайды.
Екінші орта – құрдастар. Жасөспірім үшін бедел бәрінен маңызды. Өз орнын табу үшін кейде қой терісін жамылған қасқырдың рөлін ойнайды. Біреуді кемсітіп, біреуді басып, біреуді мазақтап бедел жинауды күш деп есептейтіндер көп. Бірақ бұл нағыз әлсіздіктің белгісі.
Балалардың санасында ерлік, мықтылық туралы дұрыс ұғым қалыптаспағанда өз «мықтылығын» әлсізге күш көрсету арқылы дәлелдейді.
Интернеттің де осы тұрғыда үлкен рөл атқаратынын есте сақтайық. Зорлық, анайылық, біреуді қорқыту секілді контенке толы бұл айдын жасөспірімге батырлықтың жаңа образы секілді көрінеді. Жас санасы экрандағыны еліктеп қайталауға дайын тұрады.
МЕКТЕПТЕГІ «АҚША ЖИНАУ» ЖҮЙЕСІ
Ата-аналар чатында тоқтамайтын жіберілімдер, әр ай сайын жаңа сылтаумен сұралған ақша, мерекелік шара, фото-видео түсірілім, сыйлық, безендірудің астарында мәдениет емес, мәжбүрлік бар екені рас.
Бірақ одан да ауыр дүние деп оқушылардың өзара ақша жинауын атасақ болады. Сыныптағы әлсіз балаға «бүгін ақша әкел», «тамаққа бер», «ертең тағы әкел» деген сөздер айтылуы мектеп ішіндегі жасырын криминал секілді. Ең өкініштісі, мұны кей ұстаз біледі, бірақ үндемейді. Ал ата-аналар бейғам, себебі қазір бәрі жұмысбасты һәм немқұрайлылық басым.
Баланың жанайқайын естіп тұрса да, «бәріміз де солай өстік» деп жеңіл ғана қол сілтейтін, мөлдір көздегі мұңды көрмей қалуға тым бейім қатқыл дағды. «Мұндай біздің де басымыздан өткен, бірақ бізге ештеңе болмады ғой» деп басталатын жалған жұбатулар, «әр жігіттің басынан өтеді, есесіне сені сыйлайтын болады» деген ескі ұғымға шырмалған қате түсінік бүгінгі жас санаға жіпсіз байланған жүк болып отыр. Зорлыққа жол ашатын осы бір қасаң көзқарас «ит қапса да үндемейтін» баяғы түсініктің жаңғырығындай. Алайда заман өзгерді. Қоғамның көз жұма қарауы – отпен ойнағанмен бірдей. Бейғамдықтың бағасы кейде тым ауыр. Дәл осындай қате пікірден басталған селқостық талай тағдырды тас-талқан етпесе екен…
Осы орайда мыңдаған қаралым жинап, аталған проблеманың басын ашып көрсеткен «105» сериалы көпшіліктің жүрегінен орын тапты. Режиссері – Даулет Бекмағанбетов, ал идеяның және сценарийдің авторы Абзал Қамбаров.
Сериалдың басты кейіпкері – Аслан. Ол әкесінен айырылып, кейін жеке мектептен қарапайым мектепке ауысуға мәжбүр болған. Жаңа ортада ол күштілердің ережесімен жүру керегін және әлсіздер бұл ортада қысым көретін жүйемен бетпе-бет кездеседі. Бастапқыда Аслан үнсіздікті таңдайды, алайда ол оның үнсіздігі оны бұл қылмысқа қатысушы ететінін түсінді. Асланның кейпін «Omir» жобасымен танылған Шокан Чупанбаев сомдады.
«РАЙОН» МӘДЕНИЕТІ НЕГЕ ӘЛІ ТІРІ?
Кезінде «район» деген сөздің өзі төбелес, топтасу, «өз аумағын қорғау» дегенді білдіретін. Уақыт өтті, қоғам өзгерді, бірақ бұл ұғым жоғалмады. Тек формасын ауыстырды.
Бүгінде «район» мәдениеті жаңа реңкпен жасөспірімдер арасында қайта тіріліп жатыр. Әлеуметтік желіні ашсаң болды, «біздің Батыс», «Алматы тек алматылықтар үшін», «Қазақстанды ұстап тұрған Шымкенттің жігіттері» деген ойды алға тартатын контент көп. Бір Қазақстанның территориясын бөлісе алмай жүргендердің видеолары қаптап тұр. Қарап тұрсаң, солардың «өтірік патриот» болып жатқанына куәміз, бірақ өзі тұрып жатқан қала үшін жасаған бір қайырымды ісін көзіміз шалған кез сирек. Десе де меншіктеп алуға машық. Күлкілі. Себебі мұндайларды мақтап, жағымды пікір жазатындардың қатары қалың. Яғни олардан да үлгі алатындар бар.
СЕН – ЖАЛҒЫЗ ЕМЕССІҢ!
Жасөспірім кезең адам өміріндегі ең қиын уақыттардың бірі болып есептеледі. Бұл кезде жасөспірім не бала болып асыр сала алмайды, не ересек сияқты жауапкершілік пен шешім қабылдауға дайын емес. Алғашқы себептердің бірі деп өзіндік бағаның қалыптаспауын атасақ болады. Өз құнын дұрыс түсінбеген жас адам кейде өзін жоғарылатудың орнына, өзгелерді кемсітіп, үстемдік орнатуға тырысады.
Келесі себеп – әлеуметтік салыстыру. Желідегі жасанды бақыт, жасанды байлық, жасанды сұлулық баланың психикасына салмақ түсіреді. Ол өзін өзгеден төмен сезінсе, агрессия арқылы кек алады. Ал үшінші себепке эмоционалдық жалғыздықты» жатқызамыз. Бұл кезде баланың жанын тыңдайтын құлақ жоқ болса, ол айғаймен сөйлеуге тырысады. Бұл айғай кейде мазақтау, кейде күш көрсету, кейде өзін де, өзгесін де жаралау болып шығады.
Ерте есею – себептер тізімнің төртінші сатысында. Яғни үйінде тұрмыстық қиындықты көріп өскен, ата-ананың шаршауын сезген, отбасындағы ерегісті көрген бала ішінде жиналған ауыртпалықты бір жерден шығарады. Ал ол жер кейде мектеп болуы мүмкін.
МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІ НЕДЕ?
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз. Ата-ана – баланың алғашқы айнасы. Үй ішінде сыйластық болмаса, түсіністік болмаса, ашу үстем болса, мәселе ушыға бермек.
Кей ата-ана баласының жан жарасын түсінбей, «шыда», «ойын шығар», тіпті «өзің де кінәлісің» деп айтатыны бар. Бірақ бұл сөздер үнсіз майданда жалғыз шайқасып жүрген баланың сеніміне селкеу болады. Себебі балаға ең керегі сенім мен ашық әңгіме.
Келесі маңызды орта – мектеп. Бұл – тек білім беретін мекеме ғана емес, ол нағыз тәрбие ошағы.
Алайда бүгінгі мектептің жүгі тым ауыр екенін айтпасқа болмайды. Мұғалімнің уақыты есеп пен құжатқа кетеді, тәрбиеге жетпейді. Психологиялық қызметтің жүктемесі көп, маман саны аз, ресурсы тапшы.
Буллинг фактілері кейде тіркелмейді, себебі мектеп беделі төмендейді.
Жабулы қазан жабулы күйінде қалып, бірнеше баланың тағдыры тәлкекке түсіп жатқан болар бәлкім? Бұл да мүмкін, себебі мұны көзбен көріп жүрміз. Алайда жалғыздың дауысы алысқа естілмейтінін де білеміз.
Білім ордасында буллингке қарсы нақты ереже, нақты жауапкершілік болуы тиіс. Әр оқушы, мұғалім, ата-ана мұны білуі керек. Психологиялық қызмет күшейтіліп, әр балаға жеке көмек көрсетілетін жүйе жасалса игі.
Сондай-ақ жастар уақытын пайдалы өткізуге бейімделсе мұндай бассыздыққа уақыт та табылмас еді. Спорт, өнер, үйірме секілді шығармашылық кеңістік неғұрлым көп болса, соғұрлым агрессия азаяды. Республика бойынша бірыңғай байланыс орталығы – әйелдер мен балаларға арналған «111» сенім телефоны жұмыс істейді. Егер сіз жәбірленуші немесе буллингтің куәгері болсаңыз бейғам қалмауыңызды сұраймыз!
Ең үлкен қауіп – үнсіздік. Үнсіз қалу – проблемаға жол беру және оның қатысушысы болу дегенді білдіреді. Осыны есте сақтап, адамгершілікті «жалған намыстан» биік қойып үйренейік.
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
