Елімізде бір оқушыға берілетін тегін ыстық тамақтың орташа құны – 579 теңге. Бұл қаржы оның тамақтануына толыққанды жеткілікті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деп мәлімдеді. 

Айта кетсек, бүған дейін мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына, сотталғандар мен иттерге арналған азық-түлік шығынын зерттеу нәтижесінде ең арзаны мен сапасызы балаларға тиесілі екені анықталған болатын. Сондай-ақ жекеменшік мектептерде қатқан нан мен көгерген йогурт берілгені туралы желіде ақпарат таралған еді. 

Оқу-ағарту министрі мемлекеттік бюджеттен мектеп оқушыларына берілетін тамақтың сапасыз екені туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр.

“Бұл уақытқа дейін мектептердегі асханаға бөлінетін қаржының көлемі 200 теңгеден аспайтын. Бүгінгі таңда Алматы қаласында ыстық тамаққа 850 теңге,  ал Ақмола облысына 700-ден аса теңге бөлініп отыр. Бір реттік ыстық тамаққа бөлінген қаржының ең төменгі шегі Қарағанды облысында, онда – 480 теңге. Қалған өңірлерде барлығын қосқанда орта есеппен 579 теңгені құрап отыр”,- деді министр ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрдің айтуынша, оқушыны бір реттік ыстық тамақпен қамтуға бұл қаржы әзірге жеткілікті. Алайда қаржының аздығына қарамастан, мектеп асханалары оқушыларға сапалы тағам беруі тиіс. 

“Жеке меншік болсын, мемлекеттік болсын барлық мектептерде ыстық тамақ сапалы дайындалып балаларға ұсынылуы керек. Біз көптеген шағымдардың негізінде елімізде зерттеу жүргіздік.  Осы іспен айналысып жүрген көптеген кәсіпкерлеріміз өзіне тиісті заңда көрсетілген талаптарды толыққанды орындамайтынын анықтадық. Бұған қатысты тиісті органдарға шара қолдану үшін жолдама бердік”,- деді ол.  

Министр кәсіпкерлерден оқушыларға беретін ыстық тамаққа бизнес деп қарамай өте сапалы тамақты ұйымдастыруын сұрады. Талапты күшейту мақсатында денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп заңнамалық акті қабылданғанын жеткізді. Енді кәсіпкерлер мектеп асханасындағы оқушылардың тамағына немқұрайлы қараса жауапкершілікке тартылады. Бұдан былай қадағалау күшейеді деп сендірді оқу-ағарту министрі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!