– Биыл дипломы бар жас маман атанасың. Жұмысқа тұрып, «адам боламын» дейсің ғой.

– Жоға, мұғалім болмаймын. «Дипломсыз адам болмайсың» деген соң ғана амалсыздан 4 жыл оқыдым. Күзде менеджерлік мансапты бастаймын. Танысың болса, барлығы оңай…

Бұл – бүгінгі жастардан жиі еститін шынайы жауап. Біз де бұған аялдамада куә болдық. Бір кездері «оқыды деген қағазың болмаса, жұмысқа да алмайды» деген түсінік қалыптасқан еді. Сонда бұл заманның өткені ме, әлде біз ғана сол түсінікке байланып отырмыз ба?

БЕДЕЛДІҢ БЕЛГІСІ, ӘЛДЕ ҚҰР ҚАҒАЗ?!

Елде 625 мыңға жуық студент бар. Оның ішіндегі 183 мың білім алушы оқуға биыл табан тірегендер. Енді елестетіңізші, осы 183 мың студенттің басым бөлігі бірнеше жылдан кейін «Дипломсыз-ақ жұмыс істеймін» десе, кезіндегі құнды құжаттың құнсызданып, құр қағазға айналғанын дәлелдемек. Бұл ретте қоғамдық пікірдің қай бағытқа өзгергенін білу қажет.

Мәселен, 2-курс студенті Әсел Нығманова ізденіс, практика мен біліміңді жетілдеру дипломнан да маңызды екенін айтады.

– Қазір сұраныс өзгерді. Дипломың бар ма, жоқ па – маңызды емес. Бастысы – дағды мен қолыңнан келетін жұмыс. Университеттегі білім көбіне базалық деңгейде шектеліп қалады. Егер тек диплом алып шығуды ойласақ құрдымға кетеміз. Ізденбесек, теорияны практикамен ұштастырмасақ, диплом көмектеспейді. Себебі жұмыс берушіге де тәжірибелі жас маман керек, – деді ол.

Ал «Дипломсыз адам болмайсың» дегенді бойына сіңіріп алған, 23 жастағы Мөлдір Қали ата-анасы үшін ғана ЖОО-ға түскен.

– Ата-анам үшін университетке түсу мәртебе, дәреже еді. «Дипломсыз адам болмайсың» деп өсірді. Өзіме қызық емес мамандыққа түстім. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде қызыл дипломмен бітірдім. Бірақ жұмыс іздеп жүргеніме бір жылдан асты. Қайда барсам да, тәжірибең жоқ дейді. Курстастарымның көбі мүлде басқа салаға кетіп қалған. Ал мен өзім шығармашылыққа жақын болдым, – деп Мөлдір ойымен бөлісті.

Екі кейіпкер де жұмыс өтіліміне ерекше тоқталды. Жалпы еңбек нарығында дипломнан бұрын тәжірибе мен нақты дағдылардың талап етілетіні анық. Дегенмен ресми құжаттың орны бар емес пе?

Ернұр Мұратұлы да «Диплом сұрайтындар аз екенін түсіндім» деп пікір білдірді. Яғни, бүгінгі жастар арасында диплом маңызды емес деген көзқарас күшейіп келеді. Бірақ бұл шындық па?

ДИПЛОМСЫЗ ЖҰМЫС ТАБЫЛА МА?

Бұрынғыдай «Кому? Что?» алып, жұмыс іздеу өткенде қалды. Қазір арнайы сайттарға өтініш тастауға болады. Солардың бірі – «hh.kz». Тіркелдік, өтінім бердік, күттік. Почтаға түрлі ұсыныс келді. Дипломның жоқ екенін ескеріп, жұмыс ұсынған 3 мекеме болды. Ал құжат жөнінде арнайы хабарласқандар басым түсті. Егер қажет дағдыны игерген болсаңыз, дипломсыз тағылымдамаға қабылдауға дайын екенін айтты. Тәжірибемізді де «айға апарып» қойған едік. Осылайша тым жақсы жас маман болып шыға келдік.

Дипломнан бұрын тәжірибенің бағалануы, әрине, еңбек нарығындағы шындық. Бүгінде халықаралық деңгейдегі табысты компаниялар, тіпті кейбір мекемелер де дипломды басты талап етпейді. HR маман Гүлмира Серікқызы осы жөнінде айтып берді.

– Бізге түйіндемелер көп түседі. Ең бірінші қарайтынымыз – қайда оқығаны емес, қандай дағдылары бар екені. Қазір IT, маркетинг, бизнес салаларында тәжірибесі бар адамға жұмыс көп. Университет бітірген түлектердің басым бөлігі теориялық біліммен келеді, бірақ нақты тәжірибесі жоқ, – деді ол.

Бірақ құжат керек-ақ. Мүлдем ысыруға келмес. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысында 500-ге жуық мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген. Егер диплом мүлде қажет болмаса, мұндай заңбұзушылық та орын алмас еді.

КӨЗГЕ ТҮСКЕН ҚЫЗЫЛ

Жастармен әңгімелесу барысында бітіруші түлек Үміт Ғаниқызының да пікірін білдік.

– Иә, сөзіңізге қосыламын. Трендтегі мамандықтар пайда бола бастағаннан кейін «ЖОО оқудың қажеті жоқ» пікір де айтыла бастады. Себебі әлеуметтік желі арқылы табыс табу үшін сізден ешкім диплом сұрамайды. Бірақ жаңа мамандықтың да өзгермесіне кім кепіл? Қайткен күннің өзінде университеттен білім алу керек. Ондағы тәжірибе, теория мен практика сізге қажет болары сөзсіз. Бірақ дипломым бар екен деп қана жүру, ол да қателік секілді. Себебі, ол – тек құрал. Біздің мүмкіндігімізді кеңейтуі ықтимал, десе де бәрін шешпейді, – деді ол.

Студенттің айтуынша, таныстарының арасында дипломның түсіне ерекше мән беретіндер бар.

– Бала кезден үздік оқуға барлығымыз талпындық. Бұл талпыныс университет қабырғасында да болды. Бірақ бір байқағаным, үздік, білікті, тәжірибелі маман болайын, сұраныстағы жас маман болайын, сол үшін де қызыл диплом алсам дейтіндер азайған. Басым бөлігінің көзі қызылда, дегенмен тек мақтану мен жұртқа көрсету үшін алуды қалайды. Көрдіңіз бе, бұл жерде де әр адамның ойы әртүрлі-ақ, – деп қорытындылады пікір беруші.

Үміттің пікірін тыңдай отырып, қалған жастардың да ойын білуге құмарттық. Қарапайым «иә, жоқ» деген жауаптан құралған онлайн сауалнама жүргіздік. Негізгі аудиториямыз 19 бен 22 жас аралығында жастар болды. Алғашқы сауал – «Жоғары оқу орнында оқисыз ба?». Қатысқан 58 адамның түгел дерлігі «иә» деген батырманы басты. Яғни, барлығы да болашақ жас маман. Ал келесі сұрақтардың қорытындысы бойынша 58 пайызы басқа салада жұмыс істеуді қалайды екен. «Сіз үшін дипломның маңызы қандай?» деген сұраққа 82 пайыз қатысушы білмеймін деп жауап жазған. Қалған 18 пайызы «Болашағыма қажет, жұмыс істеу үшін қажет, ата-анама апарып беремін, 4 жылғы еңбегімнің нәтижесі» деп жазыпты. Ал құжаттың түсі туралы сұрағанда, 26 пайыз қатысушы қызыл алуды армандайтынын жазыпты, ал 60 пайызы қолыма қандай диплом алсам да жарайды деген жауап жазса, 14 пайызы білмеймінге салды. Біз жүргізген шағын сауалнаманың жауабы осындай.

СҰРАНЫСТАҒЫ САЛА

Еңбек нарығына қайта оралсақ, сұранысы жоғары салалар санатына өзгеріс енгені рас. Егер бұрын заңгер, экономист, қаржыгер мамандықтарына сұраныс көп болса, қазір мүлде басқа бағыттар алдыңғы қатарда. Мысалы, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, data science, цифрлық маркетинг, құрылыс және инженерия, логистика және тасымалдау, дәрігер, биотехнолог, генетик пен энергия тиімділігі инженері секілді салаларға маман қажет. Сұраныстағы сала болса да, біліктілікті басты орынға қоятындар бар. Дегенмен бәрін бір өлшеммен өлшей алмаймыз. Мысалы, IT, бизнес, маркетинг секілді салаларда негізгі талап дағды мен тәжірибе. Жұмыс берушілер үшін маңыздысы – сіздің қандай бағдарламаны меңгергеніңіз, қандай жобалармен жұмыс істегеніңіз. Бірақ бұл қағида медицина, ғылым, заң және инженерия салаларында жүрмейді. Диплом жөнінде жүргізген сауалда еңбек нарығына байланысты сұрақты да қамтыған едік. Біздегі сауал – «Жұмысқа орналасу үшін диплом қажет пе?». Ал ондағы пайыздық жауаптарға сүйенсек, 51% жас «иә», ал 49% «жоқ» деген жауапты таңдаған.

Бірді айтып, келесіге кетіп жатырмыз. «Жетістікке жету үшін қатырма қағаздың қажеті жоқ» деген ойды сәл талдап көрелік. Әлемдік тұлғалар мұны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Мысалы, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Генри Форд, Джим Керри, Уолт Дисней сияқты әлемге танымал тұлғалардың ешқайсысында жоғары білім туралы диплом болмаған. Алайда олар бірнеше дипломы бар адамдардан озық шығып, үлкен жетістіктерге жетті. Себебі оларда ынта һәм құлшыныс болғандай. Бірақ әр адамның жолы әрқалай. Біреудің өмір жолына қарап тон пішуге болмайды. Дипломсыз-ақ жетістікке жеткен жандардың тарихы шабыттандырғанымен, бұл білімнің қажетсіз екенін білдірмейді. Көп жағдайда жүйелі білім алу адамның қабілетін ұштап, мүмкіндіктерін кеңейтеді. Табысты болудың жалғыз формуласы жоқ: біреу өзін тәжірибемен шыңдайды, енді бірі жоғары білім арқылы биікке көтеріледі. Ең бастысы – үздіксіз даму, еңбексүйгіштік және өз ісіңе деген құштарлық.

Ал қатырма қағазға келер болсақ, диплом жетістіктің кепілі емес, бірақ маңызын да шетке ысыра алмаймыз. Барлығы адамның өз таңдауында емес пе? Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!