Көбіне адамның жеке деректерін білетін жақын туыстары сыртынан несие рәсімдеп жатады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігіне сұхбат берген заңгер, адвокат Қабанбай Қуанышев айтып берді.

Заңгер қауіптің алыстан келмейтінін ескертті. Кейінгі жылдары Қазақстандағы банктер мен жалпы қаржы ұйымдарының қауіпсіздік жүйелері күшейтілді, сондықтан кез-келген бөтен адамның сіздің атыңыздан несие ала алмайды.

«Егер біреу басқа адамның атынан алаяқтық жолмен несие рәсімдесе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай әрекет үшін заңда жаза көзделген. Соңғы бір-екі жылда алаяқтық жолмен несие алу айтарлықтай азайды. Себебі банктер мен микроқаржы ұйымдары несие беру талаптарын күшейтті. Бұрын телефон арқылы немесе қосымшада бет-жүзді көрсетпей-ақ несие алуға мүмкіндік болса, қазір толық идентификациядан өту міндетті. Клиенттің бет-жүзі камера арқылы тексеріледі, телефон нөміріне SMS-код жіберіледі, бірнеше кезеңнен өткеннен кейін ғана несие беріледі. Қаражат тек несие алушының өз шотына аударылады. Осы себепті заңсыз несие рәсімдеу қазір сирек кездеседі.

Алаяқтық әрекеттер көбіне жақын таныстар, туыстар немесе адамның құжаттарына қолжетімді адамдар арқылы жасалады. Сондай-ақ жеке куәлігін жоғалтып алған немесе күдікті сайттарға өз деректерін қалдырған азаматтар да алаяқтық әрекеттердің құрбаны болып жатады. Қазіргі талаптар бойынша адамның өз қатысуынсыз несие рәсімдеу өте қиын. Несие алу процесі негізі бірнеше кезеңдерден тұрады. Мәселен, толық идентификация жүргізіледі, телефонға растау коды жіберіледі, қаражат тек есепшот иесінің атына аударылады. Мысалы, несие Қайраттың атына рәсімделсе, ақша тек Қайраттың жеке шотына түседі. Егер азаматтың атына заңсыз несие рәсімделсе, бірден банкке немесе микроқаржы ұйымына барып, жазбаша арыз қалдыру қажет. Сонымен қатар қаражаттың қай шотқа аударылғанын анықтау үшін ресми сұрау жолданады», – деді заңгер.

Қабанбай Қуанышев алаяққа алданған азамат сотта өзінің кінәсіз екенін дәлелдесе, несиені жарамсыз деп тануы мүмкін екенін айтады.

«Егер азаматтың атына заңсыз несие рәсімделсе, бірден банкке немесе микроқаржы ұйымына барып, жазбаша арыз қалдыру керек. Қаражат қай шотқа аударылғанын анықтау үшін ресми сұрау жолдануы тиіс. Егер мәселе сотқа жетсе, азамат өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алса, сот несие шартын жарамсыз деп тануы мүмкін, ал банк қарызды алып тастайды. Қызметті заңсыз деп тану немесе несие шартын жарамсыз деп тану тек сот арқылы жүзеге асады. Бұл жағдайда банк пен микроқаржы ұйымдарын кінәлауға болмайды, өйткені олар тек қарыз беруші. Жауапкершілік тек заңсыз әрекет жасаған тұлғаға жүктеледі. Азамат өзінің несие алмағанын дәлелдеу үшін шартқа қол қоймағанын, биометриялық верификациядан өтпегенін, бет-жүз сәйкестендіру болмағанын немесе жалған қолтаңба қолданылғанын көрсете алады», – дейді ол.

Заңгер алаяқтықтың алдын алу үшін жеке куәлік деректерін бөтен адамдарға бермеу, күдікті сайттарға тіркелмеу және құжаттарды құпия сақтау қажет екенін ескертеді.

«Қазіргі таңда Kaspi Bank-тің цифрлық несие беру жүйесі алаяқтыққа қарсы ең сенімді жүйелердің бірі болып саналады. Банктер арқылы несие алаяқтық жолмен рәсімделуі сирек кездеседі, ал мұндай жағдайлар көбіне микроқаржы ұйымдарында тіркеледі. Сондықтан басқа ұйымдар да осы тәжірибені үлгі етуі тиіс. Қазақстанда сонымен қатар «Антифрод-Колл-Орталық» жобасы да жұмыс істейді», – деді ол.

Дегенмен заңгер алаяқтықтың схемалары үнемі жаңарып отыратынын ескертті.

«Алаяқтар әрдайым жаңа схемаларды ойлап табады. Айлакерлер кейде азаматтарды өз еркімен кепілсіз несие рәсімдетіп, қаражатты үшінші тұлғалардың шотына аудартады. Мысалы, олар фишинг, вишинг немесе дипфейк технологияларын қолданады және өздерін құзіретті органдардың қызметкерінен бастап коммуналдық қызметкер, курьерлер, сатушылар ретінде таныстырады. Жеке деректерді, SMS-кодтарды, шот реквизиттерін алуды мақсат тұтады. Егер бұл ақпарат қылмыскерлердің қолына түссе, олар мобильді банкингке кіріп, шоттағы қаражатты өз бақылауындағы карталарға аудара алады. Кейде қаражат жоғалғаннан кейін азаматтың атына заңсыз несие рәсімделуі де мүмкін», – деді заңгер.

Оның айтуынша, алаяқтар адамдарды алдап, банк қосымшасында немесе микроқаржы ұйымының сайтында верификациядан өтуге мәжбүрлейді. Кейін жағдай екі жолмен өрбуі мүмкін.

«Біріншісі, зардап шегушіге қоқан-лоққы жасайды немесе сендіреді, сосын несие рәсімдете отырып, қаражатты көрсетілген шотқа немесе картаға аудартады. Барлық операцияларды азамат бір реттік парольдер мен SMS арқылы өзі растайды. Екінші жолы, зиянды бағдарламалар мен қашықтан қолжетімді ететін бағдарламаларды орнатқызады. Мұндағы басты мақсат –  адамды биометриялық идентификациядан өткізу, ал қалған операцияларды алаяқтар қашықтан басқарады. Қаражат аударылғаннан кейін олар байланысты үзеді, телефон нөмірін бұғаттап, жоғалып кетеді», – деп сипаттады ол.

Алайда қаржы институттары қаражат аударымдарын үнемі бақалауда ұстайтынын атап өткен жөн. 

«Егер банк күдікті операцияларды байқаса, мысалы, қатарынан әртүрлі карталарға аударымдар немесе банкоматтан ақша алу сияқты жағдайлар болса, карталар мен қосымшаны дереу бұғаттайды. Бұл қаржы ұйымдарының қауіпсіздік жүйесінің негізгі бөлігі. Сонымен қатар, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың шағымдары негізінде әрбір факті бойынша тексеру жүргізеді. Тексеру барысында төлем қабілеттілігі бағаланады, клиенттің идентификация процедурасының дұрыстығы тексеріледі, қарыз жүктемесінің коэффициенті есептеледі және басқа да көптеген факторлар қарастырылады», – дейді ол.

Қабанбай Қуанышевтің айтуынша, алаяқтықты азайту үшін заңнаманы күшейту қажет. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының клиенттің нақты өзі екеніне толық көз жеткізуі тиіс, сондай-ақ алаяқтық жасаған тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!