Қызылорда облысы қысқы кезеңге толық дайын. Бұл туралы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров мәлімдеді.

– Облыс аумағында жалпы ұзындығы 3 420 шақырым болатын автожолдар жүйесі бар. Оның 1 016 шақырымы – республикалық, 2 404 шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар. Қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларға ден қою үшін барлық күш-құрал толық дайындыққа келтірілді, – деді Бекболат Қайырбекұлы.

Айтуынша, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда қысқы кезеңдегі болуы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға барлығы 234 техника мен 118 автономды электр көзі әзір. Оның ішінде 110 қар тазалағыш техника, 81 инженерлік машина, 1 эвакуациялық және 42 арнайы қар тазалағыш құрал бар.

– Қыс мезгіліндегі қауіп-қатерлердің алдын алу үшін қажетті жанар-жағармай мен инертті материал қоры да жеткілікті. Республикалық маңызы бар жолдардағы қыс мезгіліндеболуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою мақсатында әзірленген жанар-жағармай материалдарының қазіргі таңда дайындыққа келтірілгені 94 тонна бензин, 210 тонна дизель отыны жинақталды. Инертті материалдарға тоқталсақ, 10 477 текше метр құм, 2761,66 тонна тұз, 150 тонна көмір дайын. Сонымен қатар облыс бойынша жалпы 354 дана ескерту жол белгілері орнатылған.

Ал жергілікті маңызы бар жолдарға әзірленген жанар-жағармай материалдарының қазіргі таңда 40 тонна бензин, 114 тонна дизель отыны дайындыққа келтірілген. Дайындалған инертті материалдар 9 117 тоннаны құрайды. Оның 1842 тоннасы тұз, 7275 тоннасы құм, – деді ол.

Айтуынша, облыста қысқы кезеңде туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және оған жедел әрекет ету мақсатында іс-қимыл шараларының жоспары нақтыланған. Бұл бағытта құлақтандыру жүйелерінің жұмысқа дайындық деңгейі, байланыс құралдарының тұрақтылығы, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға тартылатын авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдары мен олардың дайындық жағдайы жан-жақты тексерістен өткізілген.

Сонымен бірге жеке құрамның жасақталуы, техникалық жабдықталуы, қажетті мүлікпен қамтамасыз етілуі толық сарапталған. Медициналық резервтің, азық-түлік пен материалдық-техникалық қорлардың көлемі мен олардың сақтау талаптарына сәйкестігі қаралып, қолданыстағы автономды энергия көздерінің дайындық деңгейі де бақылаудан өткен.

Облыста қыс кезінде қауіп төндіруі мүмкін бір ғана учаске бар – Арал ауданындағы Қамыстыбас–Аманөткел–Бөген бағытындағы 26 шақырымдық жол бөлігі. Бұл аймаққа ерекше бақылау орнатылған.

– Облыс аумағында 12 жылыту пунктті жұмыс істейді. Олар Қызылорда–Жезқазған, Самара–Шымкент бағыттарындағы қауіпті учаскелерде орналасқан. Қатты боран немесе көліктердің қар құрсауында қалуы сияқты жағдайларда жылыну, тамақтану және уақытша паналау мүмкіндігін беретін пункттердің барлығы тексерістен өтті. Барлық нысан толық дайын, – деді ТЖД бастығының орынбасары.

Спикер өз сөзінде 20-21 қарашада Арал қаласында өтетінін «Қыс–2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуына да тоқталды.

– Қызылорда облысы әкімінің 2023 жылғы 30 желтоқсандағы №20-3/7147 «Азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін дайындау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» орындау мақсатында 2025 жылғы 20-21 қараша аралығында «Қыс–2025» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Арал қаласында өтеді. ОКШОЖ тақырыбы «Қысқы кезеңдегі жағдайларда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау».

«Дабыл-1001» сигналы түскеннен кейін азаматтық қорғаудың облыстық аумақтық кіші жүйесінің органдары мен күштері, СМС хабарламалар арқылы облыстық, қалалық, аудандық Төтенше жағдайлар комиссияларының мүшелері құлақтандырылады, – деді ол.

Аталған оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын пысықтау.

Сондай-ақ «Қарғын-2002» сигналына сәйкес облыстық штабтан түскен тапсырма бойынша оқу-жаттығудың практикалық бөлігі үш кезеңмен өткізіледі. Алғашқысы автокөлік жолындағы жол көлік оқиғасы болса, екіншісі іздестіру-құтқару жұмыстары, соңғы бағыт су жүйесі ғимаратындағы апат.

Жалпы оқу-жаттығуға 120 азаматтық қорғау қызметтерінен 367 техника, 1 184 қызметкер жұмылдырылған.

– Облыстық басқару органдары, азаматтық қорғау қызметтері және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен оқу-жаттығуға жүктелген міндеттер толығымен орындалды. Берілген тапсырмалардың шешімдері дер кезінде оқу-жаттығудың облыс штабына жолданады, – деді Бекболат Қайырбекұлы.

Брифинг соңында Төтенше жағдайлар департаменті қысқы кезеңде кез келген төтенше жағдайдың алдын алу және салдарын жою бойынша барлық шаралар бақылауда болатынын жеткізді.

Аружан МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!