Жаз мезгілінің басталуымен бірге балалардың өміріне төнетін қауіптердің бірі – терезеден құлау жағдайлары. Осыған байланысты Қызылорда облысында «Абайлаңыз: ашық терезе!» атты кең көлемді түсіндіру-алдын алу акциясы өтті. Бұл бастама – облыс көлемінде балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қолға алынған маңызды шаралардың бірі.
Акция аясында өңірдегі барлық білім беру мекемелерінде бір мезгілде ашық сабақтар мен тәрбие сағаттары ұйымдастырылып, балаларға терезе маңында ойнаудың қауіптілігі жайлы нақты мәліметтер берілді. Мектептер мен балабақшаларда интерактивті оқыту түрлері – бейнероликтер, көрнекі құралдар, қауіпсіздікке арналған сурет байқаулары арқылы балалардың санасына қауіптің алдын алу мәдениеті сіңірілді.
Педагогтар мен тәрбиешілер балалармен бірге ата-аналарға да қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым қорғаныс шаралары – терезе бекіткіштері мен арнайы құрылғылар туралы кеңестер берілді. Ата-аналарға арнайы жадынамалар мен нұсқаулықтар таратылып, москит торларының қауіпсіздікке арналмағаны, балаларды мүлде қорғап қалмайтыны ескертілді.
Бұл акция арқылы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мектептің емес, ата-аналардың да тікелей жауапкершілігі екені кеңінен насихатталды. Әрбір ата-ана өз үйінде қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жазатайым оқиғалардың алдын алуға болатынын түсінді.
«Абайлаңыз: ашық терезе!» шарасы – тек бір реттік акция емес, бұл – бала қауіпсіздігін күнделікті назарда ұстау қажеттігін ұғындыруға арналған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі. Қызылорда облысы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!