«Қарттарым – асыл қазынам!», «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деп ақсақалын ардақтаған халықтың ұрпағымыз. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, ақылын алып, қол жайып бата сұраған елміз. Бірақ кейінгі уақытта желіде жарияланған кей жазбалар қоғамда қарттарға деген құрметтің азайып бара жатқанын көрсетеді. Бұған жуырда ғана еңгезердей азаматтың өз әкесін соққының астына алып, көше бойында сүйрегені дәлел. Бұл біз көрген бір ғана жағдай. Көрмей, білмей жүргеніміз қаншама…?!

Безбүйрек баланың әкесінің аузын қан қылып, сабап жатқаны ел арасында талқыға түсіп, ызасын тудырды. Көршісі таспалап алған тұсқа үңілсеңіз, мейірімге мұқтаж мүсәпір әкенің кейпі кімнің болмасын жүрегін ауыртқаны рас. Көп ұзамай қария келместің кемесінен орын тапты, бала темір торға тоғытылды. Заң күші өз алдына, бұл оқиға қоғамда қарттардың қадірі қалмай бара жатқанын аңғартты. Әрине бәріне бірдей топырақ шаша алмаспыз. Дегенмен бір ғана жағдай ұрпақ тәрбиесінің дағдарысқа ұшырағанын көрсетті. Айтыңызшы, кім қай жерден қателесті? Баланың бойына сіңіретін адамгершілік пен имандылық тәрбиесі қай тұста үзілді?

Тәрбиесіздік тентіретеді

Ашығын айтайық, бүгінде қарттарға құрметтің төмендеуі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Тамырын тереңнен тартатын бұл құбылыс – отбасындағы тәрбиенің, ұлттық құндылықтардың әлсіреуінен туындады. Ақыр соңында бүгінгі ұрпақтың бір бөлігі қарт ата-анасын ауыртпалық, масыл ретінде қабылдайтын деңгейге жетті.

Осы мәселеге қатысты сарапшы маман Болат Сарыбайдың айтуынша, қазақ қоғамында бұл үрдіс бұрын болмаған. Керісінше қариясын төрге оздырып, «ата сөзі – ақылдың кені» деп қадірлеген. «Демек ұлт ретінде рухани негізімізді жаңғыртпасақ, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу дәстүрі жойылуы мүмкін», – дейді ол.

– Бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы – тәрбие жүйесін қайта қарау. Балабақшадан бастап, мектеп бағдарламасына үлкендерді құрметтеуге, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған арнайы тәрбие сағаттары, пәндер, клубтар енгізу қажет. Балаларға ата-әже, әке-шешеге құрмет көрсету – ұлттық тәрбиенің өзегі екенін ұғындыру керек. Мысалы, жапон елінде мектеп оқушыларына кішіпейілділік, үлкенге қызмет ету мәдениеті арнайы сабақтар арқылы үйретіледі. Сол тәрізді бізде де ұлттық болмысымызға сай, «Қазақы әдеп», «Отбасылық тәрбие», «Рухани тәрбие» секілді бағыттарды жүйелі қалыптастыру қажет. Одан бөлек, қоғамдық науқандар, медиа жобалар, мектепішілік іс-шаралар арқылы да үлкенді сыйлаудың үлгісін насихаттау керек. Бұл тек мектептің, мұғалімнің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болуы тиіс. Өйткені бүгін біз қарияны қалай құрметтесек, ертең ұрпағымыз бізге де солай қарайды, – дейді маман.

Әрбір жағдайда, әсіресе тәрбие турасына келгенде психологтың кеңесіне көп жүгінеміз. Олардың көпшілігі ата-анаға қол көтеру – тек тәрбиенің осалдығы емес, терең психологиялық жарақаттың, адамгершілік дағдарыстың көрінісі екенін алға тартады. Осы мәселені психолог Жанар Әбілдақызы былай деп түсіндіреді: «Әкесін ұрған бала – жай ғана ашулы немесе бұзық емес, ол – ішкі жан дүниесінде терең күйзеліс пен агрессияны жинап өскен адам. Мұндай мінез-құлықтың тамыры бала күннен басталады. Егер бала махаббат пен мейірім көрмесе, ересек шағында сол жетіспеушілікті агрессия арқылы сыртқа шығарады. Мұндай адамда эмпатия сезімі төмен, жауапкершілік пен моральдық тежегіштер әлсіз», – дейді маман.

Сондай-ақ ол отбасындағы қарым-қатынастың бұзылуы, адамның бала күннен зорлық-зомбылық көруі немесе эмоциялық ескерусіз қалуы да осындай әрекетке итермелеуі мүмкін екенін айтады. Маман бұл мәселеге бейжай қарамай, баланың ішкі жан-дүниесіне ерте жастан көңіл бөлу, отбасылық кеңестер мен тәрбие жұмыстарын күшейту қажеттігін алға тартады.

Статистика сөйлесе…

Өткен жылы жүргізілген зерттеулерге сенсек, Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбандары арасында қарт адамдардың үлесі шамамен 3,5% екенін көрсеткенімен, бұл дерек шынайы жағдайдың үстірт көрінісі ғана секілді. Өйткені елімізде қарттарға жасалатын психологиялық, экономикалық, тіпті физикалық қысымның елеулі бөлігі тіркелмей қалып жатыр. Көптеген қария зорлық-зомбылықты жасырып қалуға мәжбүр. Оның басты себебі – ұялу, қорқу, қоғам тарапынан қолдау сезінбеу және өз балалары мен жақындарын жаман атқа қалдырғысы келмеу. «Баланың аты – бала» деп, өздеріне жасалған қысым мен кемсітуді кешіруді жөн санайды. Ал кейбір жағдайларда құқықтық сауатсыздық пен сенім арта алмайтын жүйенің салдарынан олар өз құқығын қорғауға талпынбайды да.

Сондай-ақ қарт адамдарға жасалатын зорлық тек физикалық тұрғыда емес, материалдық шектеу, немқұрайлылық, әлеуметтік оқшаулау, сөзбен кемсіту, зейнетақысын иемдену сияқты формаларда да кездеседі. Бұл – отбасылық зорлық-зомбылықтың астыртын, бірақ қауіпті формалары.

Демек 3,5% деген статистика – тек беткі қабат. Шын мәнінде, қоғамда қарттарға жасалатын озбырлық әлдеқайда ауқымды әрі өзекті мәселе. Сондықтан сарапшылар бұл бағытта жан-жақты зерттеулер, алдын алу шаралары және қарттардың құқығын қорғайтын нақты механизмдер қажет екенін алға тартады. «Өйткені қоғамның көзқарасы өзгермей, мәселе түбегейлі шешімін таппайды», – дейді мамандар.

Жаңашылдық қатігездікке жол аша ма?

Ашығын айтсақ, жаһандану мен цифрлық өркениет дәуірінде жастар санасында елеулі өзгерістер орын алуда. Әсіресе, эгоцентризм мен индивидуализмнің артуы қазіргі қоғам үшін алаңдатарлық үрдістердің бірі. Жастардың «алдымен – өзім», «өз мүддем – бәрінен биік» дейтін дүниетанымға бет бұруы қоғамның ішкі байланыстарын әлсіретіп, ұрпақтар арасындағы алтын көпірді үзіп жатыр.

Эгоцентризм – адамның тек өз қажеттілігін, сезімін, ойы мен мақсатын басты құндылық деп қабылдауы. Индивидуализм – өз алдына тәуелсіз болуға ұмтылу, ұжымдық құндылықтардан алшақтау. Бұл екі ұғым жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік берсе де, отбасы, қоғам алдындағы парыз, үлкенге құрмет, кішіге қамқор болу сияқты ұлттық-рухани құндылықтардың екінші орынға ысырылуына себеп болып отыр. Салдарынан екі ұрпақтың, ата мен немеренің, әке мен баланың арасындағы байланыстың жібі үзілуде. Қария сөзіне құлақ аспайтын, ата-ананың ақылын қажет етпейтін, тіпті бірге тұруды ауырсынатын буын қалыптасып келеді. Мұның соңы қоғамда қарттарға деген құрметтің төмендеуіне, тіпті оларды қарттар үйіне тапсыруды қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға апарып соқты.

Психолог маман Дамира Ниязова мұндай өзгерістерді тежеу үшін отбасылық тәрбиені жаңғырту қажет екенін айтады. «Яғни балаға кішкентайынан үлкенге орын беру, сөзін бөлмеу, қолғабыс көрсету, ақылына құлақ түру – қазақы тәліммен сіңірілуі керек. Сонымен қатар қоғамдық деңгейде насихат жұмыстары күшеюі тиіс. Телевизиялық бағдарламалар, әлеуметтік желілердегі контенттер, мектеп пен ЖОО-дағы тәрбие бағытындағы жобалар ұлттық құндылықтарға негізделіп құрылуы қажет», – дейді психолог.

Қарттарға құрметсіздік жауапсыз қалмайды

Құқықтық тетіктердің әлсіздігі – еліміздегі қарттар мен жалпы отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін ушықтырып отырған басты себептердің бірі. Бұл әсіресе 2017 жылы қабылданған заң өзгерісінен кейін айқын байқалды. Аталған жылы отбасылық зорлық- зомбылық қылмыстық әрекет емес, әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырыла бастады. Бұл өзгеріс қылмыстық жауапкершіліктің төмендеуіне және жазасыздықтың етек жаюына алып келді.

Қарттарға, әсіресе ата-анаға қастық қылу – қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған ауыр әлеуметтік мәселе. Мұндай әрекетке барған адам тек моральдық емес, құқықтық тұрғыдан да жауап береді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы нақты жаза қарастырады. Мәселен, 107-бап бойынша жеңіл, орташа немесе ауыр дене жарақатын салған жағдайда, айыпты тұлғаға бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал 131-бап бойынша қарт адамның ар-намысына тіл тигізіп, қоғамдық масқаралауға ұшыратқан жағдайда – айыппұл немесе түзеу жұмыстары көзделген. Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында ұдайы қысым, жәбір көрcету – 110-бап аясында 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасына апаруы мүмкін. Сонымен бірге егер бала ата-анасына көмек көрсетуден қасақана бас тартса, заңда бұл да жауапкершілік ретінде қарастырылады. Яғни 141-бап аясында жауапқа тартылады.

Көптеген жағдайда отбасындағы қатыгездік жасаған тұлғалар айыппұлмен немесе ескерту шарасымен ғана шектеліп, нақты жазадан құтылып кетіп отырды. Бұл – қарттарға, әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын тұрмыстық зорлықтың алдын алу тетіктерінің әлсіздігін көрсетті. Қиын жағдайға тап болған қарт кісілер көмек сұрауға қорқады немесе еш нәтиже шықпайтынын біліп, үндемей қалуды жөн көреді.

Алайда 2024 жылы қабылданған «Салтанат заңы» осы олқылықтарды түзетуге бағытталды. Бұл заң – қоғамда үлкен резонанс тудырған, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған Салтанат Нұрбекқызының өліміне байланысты әзірленген. Аталған заң арқылы отбасылық зорлыққа қатысты қылмыстар қайтадан Қылмыстық кодекс аясында қарастырыла бастады. Сонымен қатар қарттарға, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық әрекеттері ауырлататын мән-жайлар ретінде белгіленді. Қорғау нұсқамасын бұзған тұлғаларға қатаң жаза қолдану нормалары енгізіліп, жедел әрекет ету топтары мен дағдарыс орталықтарының жұмысы күшейтілді.

«Салтанат заңы» қоғамдағы отбасылық зорлық-зом былықпен күресте маңызды бетбұрыс болды. Дегенмен, заңның тиімділігі тек қағаз жүзінде емес, нақты іске асқанда ғана көрінеді. Ол үшін құқық қорғау органдарының кәсіби даярлығын арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту, зорлыққа ұшырағандарға қолжетімді және тегін көмек көрсету механизмдерін дамыту қажет.

Жауапкершілік таразыға түскенде

Бүгінгі қоғамда пайда мен жеке мүдде көбінесе парыз бен жауапкершіліктен басым түсіп бара жатқаны шындық. Кейбір адамдар қарт ата-анасын тек жәрдемақы алу үшін ғана қамқорлық жасап жатқандай әсер қалдырады. Бірақ бұл сырт көзге ғана көрінетін іс, шын мәнінде олар ата-анасының зейнетақысынан ғана пайда табуды көздейді. Мұндай жағдайлар аз емес, ал желіде тараған әкесін ұрып- соғу оқиғасы – осы мәселенің бір айқын көрінісі ғана. Бұл біз білмейтін, көзіміз жетпейтін осындай оқиғалар қаншама екені ойландырады. Қоғамдағы бұл өткір проблемаға қалай қарсы тұруға болады? Қандай қадамдар жасау керек? Осы сауал тұрғысында қоғам пікіріне құлақ түріп көргенбіз.

Айман есімді қызылордалық ару мектеп қабырғасынан бастап отбасылық құндылықтарды насихаттау керек деп есептейді. Оның айтуынша, «Үлкенге ізет, ата-анаға қамқорлық, қарияны құрметтеу – бұл тәрбие сағаттарының, сабақтан тыс іс-шаралардың басты тақырыбы болуы қажет».

Жәнібек есімді жас ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде үлкендерге құрмет көрсетудің жақсы үлгілерін жиі жариялап, мейірімділік пен жанашырлықты дәріптейтін қоғамдық жобалар мен әлеуметтік роликтерді көбейту керек деп санайды. Ол мұндай әрекеттер қоғамдағы немқұрайлылықты азайтып, ұрпақ арасындағы байланысты нығайтады деп сенеді. Ал қала тұрғыны Марат, жастардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға ерекше мән беру керек деп есептейді. Ол жастарға заңның мүлтіксіз орындалуын түсіндіру арқылы осындай жағдайлардың алдын алуға болатынын айтады.

Сонымен қатар қоғам өкілдері құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтердің рөлін күшейту қажеттігін де атап өтті. Олар зейнеткерлер мен қарттар жағдайын бақылап, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін арнайы мониторинг жүргізуі тиіс. Мысалы, әлеуметтік қызметкерлер ауыл-аймақтарда жиі аралап, осал топтарға қолдау көрсетуге бағытталса, мұндай жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі артады.

Тілші түйіні: Тәрбие туралы айтқанда Мағжан Жұмабаевтың сөзі ойға оралады. «Тәрбиеден мақсұт адамды, һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиедегі мақсұт «адам» деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», – дейді ақын.

Ұлтымыздың «Бүгін қарияға қол көтерген – ертең өмірдің өзінен тепкі көреді» деген ұлағаты бар. Қария көңіліне қаяу салу – болашағыңа балта шабумен тең.

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!