Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес аудан әкімдерінің халықпен өткізетін кездесулеріне өзгерістер енгізілді. Енді аудан әкімдері тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдайтын болады.
Осыған орай Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендерді аралап, халықпен кездесу өткізуді бастады.
Халықпен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ғазиз Әліш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Аудан басшысы алдымен Жалаңтөс батыр ауылына ат басын бұрып, ауылдық клубқа жиналған тұрғындарға сәлем берді.
Мұхтар Әуесұлы, бірінші кезекте биылғы жылғы өзгерістерге тоқталып, алдағы уақытта аудан халқымен жиі-жиі кездесетінін жеткізді. Мұнан соң ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен алдағы жоспарларды тілге тиек етті.
Сөз кезегі ұсыныс-пікірлерге кезек келгенде ауылдың ардақты ақсақалы Сайын Дәуіт және тұрғындар Сапар Құлтанов, Мұхит Жанқуат Әйтеке би кенті мен Басықара ауылының арасындағы жолды асфальттау, электр бағаналары мен желілерін жаңалау сияқты мәселелерді көтеріп, елді мекенді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға жауап берді.
Аудан басшысы мұнан соң Қ.Пірімов пен Басықара ауылдарына да арнайы барып, тұрғындармен кездесті.
Қ.Пірімов ауылдық клубында өткен кездесуде тұрғындар көшелерді асфальттап, жарықтандыру, балабақша салу, Басықара ауылдық округіндегі Масақбай учаскесіне шлюзсалу сияқты өзекті мәселелер көтерілді.
Ал, Басықара ауылдық клубында өткен басқосуда елді мекендегі амбулаторияны емханаға айналдыру, мектептегі спортзалды кешкі мезгілде тұрғындарға пайдалануға беру секілді бірнеше мәселелер айтылды.
Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Кейбір мәселелерге қатысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов, Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева түсініктеме беріп, заңдылықтарға сәйкес жауаптарын айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендерге сапары кезінде жеке қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!