Қазан айының үшінші жексенбісі – орман шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – табиғаттың байлығын сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету жолында еңбек етіп жүрген жандарға деген құрметтің белгісі. Бүгінде облыс аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 7,0 млн гектарды құраса, оның 3,8 млн гектары орманды алқаптар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мәріп Акбар мәлімдеді.
– Облыстағы ормандарды қорғау, сақтау және молықтыру мақсатында 8 орман шаруашылығы мекемелері жұмыс істейді. Онда барлығы 729 қызметкер бар.
Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасын орындау мақсатында облыстық деңгейде 2024 жылы 100 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстары жоспарланды. Биылғы жылдың көктем айында 50 мың гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылды. Қалған 50 мың гектар жерге себу жұмыстары агротехникалық талаптарға сәйкес қараша – желтоқсан айларында орындалатын болады. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің табанында биыл 610 мың гектар алқапқа ормандандыру жұмыстары жүргізілді. Орман шаруашылықтары күнделікті жұмыс барысында табиғатты қорғау, қорды күзету жұмыстарымен қатар оны молайтып өсірумен айналысады. Орманды көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Онда 12 түрлі жергілікті жерге жерсіндірілген көшеттер өсіріледі,- деді Мәріп Шәріпұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!