3 шілдеден бастап «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Тоқты мен Серке» анимациялық фильмі кинопрокатқа шықты. Балалар өздеріне таныс кейіпкерлерді енді кинотеатрдан көре алады. Бұл – әзіл-қалжың мен шытырман оқиғаға толы анимациялық фильм.
Дыбыстарының өзі-ақ елең еткізетін мультфильмді көрермен де жылы қабылдады. Маңғаз әрі ақылды тоқты мен көш бастап жүретін серкенің оқиғалары тым қызық-ақ. Туынды тек күлдіріп қана қоймайды, ой тастап, достық пен адалдыққа, қайсарлыққа баулиды.
– 2022 жылдан бері «Balapan» телеарнасынан үздіксіз шығып келе жатқан мультхикаяның алты маусымы да жоғары рейтинг көрсетті. Осыған орай, арнаның 15 жылдығы аясында анимациялық мультхикаяның толықметрлі нұсқасы әзірленіп отыр. Кинопрокатқа арналған жобаның жаңа маусымы жаңа оқиғаларға құрылған. Сондықтан бұл отбасылық туынды тек балалардың емес, ересектердің де көңілінен шығады деген ойдамыз. Фильм жазғы демалыс бойы еліміздің 28 қаласындағы 80-ге жуық кинотеатрда көрсетіледі, – деді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Басқарма төрайымы биыл прокатқа шыққан «Шоқан. Қашқарияға сапар», «Желаяқ» туындылары да арнаның 15 жылдығы қарсаңында көрермендерге тарту екенін жеткізді.
Иә, «Balapan» арнасында бүгінге дейін «Тоқты мен Серке» мультхикаясының 6 маусымы, 78 сериясы жарық көрді. Ал толықметрлі нұсқасында жаңа оқиға бейнеленген.
– Балалармен «Тоқты мен Серке » мультфильмін көріп қайтық. 3D форматта, ерекше эффектке бай, күшті мультик болып шығыпты. Мультфильмді әсерлі етіп тұрған тағы бір нәрсе – тілі. Әсіресе күлкілі сөздерді көбірек қосқан. Сол арқылы балаларды баурай түседі. Бұзаудың бұқаға: «Әке, бүжәйді әтәт деші», – дегені немесе иттің (Гектор) қоянға (Қыли) көлігін беріп тұрып: «Сергекке түсіп қалма, байқа», – деуі, Тоқты мен Серкенің арасындағы диалогтар, басқа да осы секілді трендтегі әзілдер езуге күлкі үйіреді. Бұл жағынан мультфильмнің режиссері әрі сценарий авторы Батырхан Дәуренбеков бала тілін жақсы білетіндігімен ерекшеленіп тұр.
Негізінде бұл мультфильм баяғыда «Қазақфильмнің» тапсырысымен «Қошқар мен Теке» болып шыққан кезінде-ақ өзін дәлелдеді. Сол кезде қалғып кеткен қазақ анимациясы қайта тіріліп еді. Бұл жолы да «Balapan» телеарнасының тапсырысымен жасалған «Тоқты мен Серке» тамаша туынды болған екен. Авторларға алғыс! – деп жазды журналист Серікбол Хасан.
Иә, Қошқар мен Текенің диалогтары ел ішінде кең тарап, әсіресе «Білмеймін, Теке» деген сөзі қалжың әңгімелердің арасында жүретін.
Бұл жолы мультфильм арқылы балаларға ұрлық жасаудың дұрыс еместігі насихатталған. Туындыда Тоқты үнемі кітап оқып отырғанын байқайсың. Фильмнің режиссері және сценарий авторы Батырхан Дәуренбековтың айтуынша, бұл да балаларды кітапқа қызықтырудың тәсілі.
– Теледидар арқылы «Тоқты мен Серке» мультфильмін бұрыннан көремін. Сондықтан олар бізге өте таныс. Жаңа мультфильм де қызық екен. Олар қайтер екен деп ойланасың, кейбір жерінде күліп, қуанасың. Мұндай мультфильмдер бізге ұнайды, – деді 12 жастағы Расул Бақытжанұлы. Расымен де, қазақ анимациясына сапалы мультфильм қосылғаны бізді де қуантты.
А.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!