Желіде қазақ тілінде түрлі видеолар түсіріп жүрген қара торы бала жұртты сүйсіндірді. 19 жастағы Ақниет Қуантқанның айтуынша, өзін көшеде, қоғамдық орындарда шетелдік деп шатастыратындар көп екен. Тіпті суретке түсіп, шашын ұстап көріп, таңданатындар да жоқ емес. Ақтаудың қазағымын деген Ақниет Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғаларын бөлісті.

Ақниет Атырау облысы Құлсары қаласында туған. 14 жасында Ақтау қаласына көшіп келген.

“Биыл колледжде медицина саласында тіс дәрігер, дантист мамандығын бітірдім. Енді осы жылы универге өз мамандығымда оқуға тапсырып қойдым, жауап күтіп жүрмін. Отбасымда анам, екі әпкем бір інім мен қарындасым бар. Осыдан 1 жыл бұрын Қазақстаннан кетіп, шетелде оқимын деп жоспарлап едім. Бірақ кейін кеткім де келмей қалды. Себептер көп”, – деді ол.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түстіФото: Ақниет бауырларымен анасымен (жеке архивінен)

“Адамдар шетелдік деп ойлап, маған ағылшынша сөйлейді”

Ақниет өзін көшеде, басқа қалада тіпті шетелдің өзінде қазақ емес, шетелдік деп шатастыратындар көп екенін алға тартты.

“Ұлтым – қазақ. Бірақ өмірде шетелдік деп көп шатастырады. Ақтау, жалпы Батыс Қазақстанда адамдар желіден көріп жүргесін танып жатады. Ал Алматы сияқты үлкен қалаларда мейрамханаларда тіпті ағылшынша мәзір берген қызық жағдайлар өте көп болды. Адамдар көшеде бірдеңе сұрағысы келгенде әңгімені ағылшынша бастайды. Көшеде, қоғамдық көлікте, кейде кішкентай балалар қолдарымен мені нұсқап жанындағыларға көрсетіп жатады. Құжаттармен жүргенде, әуежайда тексеру бақылау пунктерінде құжаттарыма ұзақ қарап, сұрақтар қоятын жағдайлар болып тұрады. Ал шетелге шыққанда қазақтармен басында ағылшынша сөйлеп, кейін қазақша сөйлегенде қазақсың ба деп қатты таңғалады.

Тіпті 4 жыл оқыған группаластарым да алғаш танысқанымызда шетелдік, басқа ұлт деп ойлаған. Достарыммен қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Басында әрине қызық көргендер болды. Ал қазір үйренісіп кеттік. Көбіне көшеде адамдар менімен суретке түскілері келіп рұқсат сұрайды. Достарым үнемі “сенімен көшеге шықсақ бар назардың астында қаламыз” деп айтып жатады. Себебі адамдар шынымен басқаша қарайды”, – деп қосты жігіт.

Ақниет қазақ тілінен басқа ағылшын, орыс тілдерін меңгерген екен.

“Бірақ орыс тілін көп қолданбаймын. Негізі мен – ұлтжанды азаматпын. Жұмыста да орыс тілін қолданбаймын. Жалпы қолданбауға тырысамын. Қазақша сөйлегенде де “или”, “типа” деген сөздерді араластырмай, таза қазақша сөйлеуге тырысамын. Сонымен ағылшынша, қазақша білемін. Орыс тілін де білемін, бірақ қолданбаймын”, – деп қосты ол. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!