2025 жылы Қазақстан бірнеше бағыт бойынша топ жарып, түрлі естен кетпес жетістікке жеткені рас. Білім, спорт, мәдениет: қай бағыттан қарасаң да, тың жаңалық көп. Кино әлемі де көрерменге елеулі әсер қалдыратын бірнеше туынды сыйлады. Оның қатарында аты шулы «Ауру», «Жездуха Кореяда», «№37» секілді туындылар бар. Ал бұл фильмдердің көрерменге жол тартқалы бері қанша қаражат жинағанын білесіз бе? Мақалада айтамыз.

Қазақ кинематографиясындағы шеру

«ӘКЕҢНІҢ БАЛАСЫ» – ҚЫЛМЫС ПЕН МАХАББАТ ТОҒЫСЫСЫ

Ернар Нұрғалиевтің режиссерлігімен шыққан экшн-комедия жанрындағы бұл туындыда түрмеден қашқан Хамит ұлын құтқару үшін қатал әлеммен бетпе-бет келеді. Бір жағында билік пен сатқындық, екінші жағында балаға деген махаббат өрбиді. Әр кейіпкердің тағдыры кішкентай сәбидің төңірегінде тоғысып, басты сұраққа апарады: шын әке болу кімге бұйырады? Қысқа уақыт ішінде 425 660 071 теңге жинаған фильм көрермен жүрегін жаулап, премьерадан кейін бірден алғашқы үштікті бастады.

Қазақ кинематографиясындағы шеру

«СЫНЫПТАС» – МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДАҒЫ ШЫНАЙЫ ӨМІР

Он бірінші сынып оқушысы Азаматтың өмірі қысым мен достық арасындағы күреске толы. Дархан Саркеновтің туындысы алғашқы махаббат, намыс пен армандар арасындағы нәзік тепе-теңдікті көрсетеді. Бір оқиғадан кейін кино кейіпкері Азамат бәрін өзгертуге бел буады. Мектептің шынайы өмірін бейнелейтін фильм жас көрермендердің жүрегіне жол тауып, кассалық қаржы көлемі 188 800 976 теңге деп бағаланды.

Қазақ кинематографиясындағы шеру

«ЖЕЗДУХА КОРЕЯДА» – ТАҒДЫР МЕН АДАМГЕРШІЛІК КҮРЕСІ

Фильмнің басты кейіпкері Қанат баспанасыз қалып, болашағына деген сенімі сарқылады. Оңтүстік Кореяға барған олар өз ар-ұяты мен бөтен ақшаның арасындағы күреспен бетпе-бет келеді. Фильм адамгершілік, жауапкершілік пен үміт жайлы терең ой салады. Премьерадан кейін 690 664 572 теңге жинаған бұл туынды көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Әр кадр өмірдің қиындықтары мен ішкі жан сезімін нақты жеткізген, ал кейіпкерлердің таңдауы көрерменді ойға қалдырары анық.

Қазақ кинематографиясындағы шеру

«№37» – ҚАЙҒЫЛЫ ҚАУЫШУ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ДРАМАСЫ

Метродағы жарылыстан кейін 15 жыл бойы ұлын жоқтаған отбасының тағдыры осы фильмде көрініс табады. Күтпеген сәтте 15 жыл бұрын мерт болған баласының үйге оралуы ата-ана үшін қуаныш пен «Осы уақытқа дейін қайда болдың?» деген сұрақтың аралас эмоциясын тудырады. Әр отбасы мүшесінің өз болжамы драманы одан сайын шиеленістіріп, түрлі эмоция сыйлары рас. Көрерменге жол тартқанына небәрі 5 күн болса да, фильм 265 891 613 теңге жинап үлгерді. Ал халықтың қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

Қазақ кинематографиясындағы шеру

«АУРУ» – ӨТІРІК ПЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТҰЗАҒЫ

«Он бәленің тоғызы тілден» – бұл фильмнің постеріндегі қанатты сөз. Азамат пен Таңшолпан жастықтың буымен бірнеше миллион қарызға батып, ағаттыққа жол береді. Бірақ олар бұл проблемадан құтылудың жолын тез табады. Басты кейіпкер Аза, әйелін өлім аузындағы науқас ретінде көрсетіп, қаражат жинау алаяқтық жоспарын іске асырады. Әуелде бәрі ойдағыдай көрінсе де, оңай олжа мен көпшіліктің назарын сезген сәтте өз өтірігінің тұзағына өзі түседі. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген мәтел осы тұста фильмнің бейнесін сипаттайтын секілді. Фильм екі аптаға жетер-жетпес уақытта 762 203 676 теңге жинап, көрерменнің жүрегін жаулады. Көрсетілім әлі де жалғасуда. Қорқынышты сахналар, қанды төбелестер мен әлеуметтік шиеленіс фильмді шынайы резонанс тудыратын туындыға айналдырды.

Тілші түйіні: Бұл фильмдер – эмоция, адреналин, терең ой мен шынайылықты қатар ұсынған туындылар. Олар әрбір көрерменді экран алдында өз сезімдерімен күресуге итермелейді. Кейде күлесің, ал кейде еріксіз көзіңнің жасын тыя алмассың. Ал сіздің жүрегіңізге қай туынды жол тапты, құрметті оқырман?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!