Корей ұлтының Сыр өңірімен тарихы тамырлас. Өткеннің шырғалаң жолы мыңдаған корей азаматын Сыр өңіріне әкеліп, халықпен етене байланысуға итермеледі. Қос ұлт бір-біріне қолдау білдіріп, барын аямай еңбек етті. Әсіресе, күріш өсіру ісінде қоян-қолтық жұмыс істеу нәтижесінде өңірдің даму динамикасын ілгерілеткенін білеміз. Міне, биыл Қазақстан Республикасы мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қалыптасқанына 30 жыл толуда. Осы аралықта казақ-корей халықаралық қатынасы жаңа деңгейге көтеріліп, сенімді достық нығая түскен.
Екі ел арасындағы байланыстың 80 жылдан астам тарихы бар. Қызылорда облысына Кеңес заманында депортацияланған корейлердің ұрпақтары қоныстанып, тату-тәтті өмір сүруде. Атажұртпен байланысын үзбей, ұлтаралық ынтымақты нығайтуға күш салуда. Корея тарапы да мұндай қадамға құлықты екенін білдіріп, араға жыл салып, ресми өкілін Сыр еліне аттандырды. Бұл жолы да үрдіс үзілмеді. Жуырда аймаққа Корея Республикасы Парламентінің Депутаты У Вон Сик бастаған делегация өкілдері арнайы келіп, өңір тынысымен танысты. Сапар барысында делегация облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесіп, аймақ үшін маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Әңгіме барысында облыс әкімі Сеул қаласында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты Корея халқына аймақ тұрғындары атынан көңіл айтып, оқиға салдарынан жараланғандардың сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастық орнағанын, алдағы уақытта да тиімді әріптестік аясы кеңейе түсетініне сенім білдірді.
«Елімізде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей бауырларымыз өздерінің адал еңбегімен аймақтың мәдени-рухани, аграрлық және әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосуда.
Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Бұл ретте, Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға, нағыз батыр Хон Бом Доны атап өтпеске болмайды. Тағдырдың жазуымен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізген батырдың құрметіне Қызылорда қаласында мемориал тұрғызылып, оның есімімен қала көшесінің бірі аталды. Екі ел Президенттері арасындағы келісімге сәйкес Кореяның ұлттық батыры Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі өткізілген болатын. Бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі», – деді облыс әкімі.
Кездесу нәтижесінде қос тарап Меморандумға қол жеткізді. Келісімге сәйкес, Қызылорда қаласында орналасқан Хон Бом До мемориалдық кешеніне қайта жаңғырту және бірқатар білім беру ұйымына 173 компьютер табыстау жүзеге асырылмақ. Аймақ басшысы делегацияның бастамалары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта өңір үшін маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыруды ұсынды.
Атап айтқанда, қаланың сол жағалау аймағында дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектеп және емхана құрылысын салу үшін кореялық компанияларды шақыру туралы ұсыныс жеткізді. Оған қоса Хон Бом До топырағы қайта жерленген Тэчжон қаласы мен ауыл-шаруашылық саласы дамыған Чоллабук-до провинциясымен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Өз кезегінде У Вон Сик ортақ ұсынысты қабыл алып, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді және мектеп, емхана құрылысын жүргізуге қолдау білдіретінін баса айтты. Ал, келесі жылдың қыркүйегінен бастап іргелі оқу орны Қорқыт ата университетінен арнайы ІТ бөлім ашуға мүдделік танытты.
P.S. Ынтымақ – ырыс бастауы. Көршімен ғана емес, алыстағы жұртпен де тату болу елдің өрісін кеңейтіп, келешегін кемел ететіні сөзсіз. Осы орайда Сыр өңіріне келген қонақтардың қолға алған бастамасы өңір дамуына үлес қосары анық.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!