Фото: ашық дереккөзден

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады.

Әйел ананың бейнесі қандай болса, еліміз бен ұлтымыздың бейнесі де сондай болатыны анық. Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де.

Қазақ әйелі нағыз әйел болды. Өйткені азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.

Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді. Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз, жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.

Алайда кешегі уақыттағы қазақ жұрты әйел азаматына көрсеткен барлық қамқорлық пен құрметті қазіргі таңдағы құрмет пен қамқорлықпен салыстыруға мүлдем келмейді. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазақ ұлтының сонау біздің заманымыздан бұрынғы тарихынан бастап алатын болсақ, біздің заманымыздан бұрынғы 1 мыңжылдық пен дамыған орта ғасырға дейін әйел адамдарының мәртебесі айтарлықтай жоғары болған. Ол уақытта әйел адамдар таққа отырып, жауға шапқан болатын. Алайда осы аралықпен біздің қазақ жұрты тәуелсіздік алатын уақытты алып салыстыратын болсақ қоғамдағы әйел мәртебесінің деңгейі айтарлықтай төмендегенін байқасақ болады. Міне, тәуелсіздік алғанымыздан бері қаншама уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің деңгейі қарын ашытарлықтай. Дегенмен қазіргі таңдағы қазақ әйелдерін бұрынғы замандағы әйел азаматтармен салыстыруға келмейді. Енді осы жерде көкейде сұрақ туындайды, Қоғамдағы әйел мәртебесін әйел өзі жоғалтты ма? Әлде қоғам әйел мәртебесін түсіре отыра біздің дана аналарымыз бен ибалы қыздарымызды жоғалтты ма? Осындай жағдайға жетуімізге қазақ қоғамына шығыс пен батыс елдірінен енген мәдениет пен заман ағысы кінәлі ме?!

Бұрыннан «Әйел бәріне шыдау керек, олардың қырық жаны бар» деген түсінік қалыптасқан. Отбасының барлық ауыртпалығын анаға артып қойған ерлерді, нағыз еркек деп айтуға келмейді деп ойлаймын. Әйел қамқорлыққа, қолдауға мұқтаж болған жағдайда өзінің сұлулығынан, денсаулығынан айырылады. Табиғатынан өзіне тән ерекшеліктерін жоғалтқан ана отбасына жылулық қуаныш сыйлаудан қала бастайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз дегенмен, ұлының арқасынан қағып, қыздарын еркелетіп, сырласа білмеген ата-анадан рухты ер, тәрбиелі қыз шығуы екі талай. Сонымен қатар қоғамда жұмысбасты әйел-аналар көбейді. Жолдасы қаржы таппайтын немесе тапқаны қазіргі заманға ілесіп өмір сүретіндей жағдайға жетпейтін болғандықтан жұмыс істеуге мәжбүр. Алайда отбасы қатардан қалмасын деген оймен ата-ана күні-түні жүмыс істегенмен, отбасындағы тәрбие ақсап жатыр.

Қазіргі қазақ әйелдері мен қыздарының қорғалуы тек құжат жүзінде қалмауы тиіс. Ер азаматтар секілді әйелдердің ақыл-ойы да негізінен орта жастарда өнімді жеміс береді. Бұл – әйел-аналардың қоғам өміріне, ел қызметіне белсене араласатын кезі. Оның ақыл-ойының өзгелер тарапынан пайдаланылуы да дәл осы кезеңде күшейеді. Отбасылық мәселелердің шарықтау шегіне жететін кезі де ата-ананың орта жастағы кезеңіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан мемлекеттің отбасыға, ана мен балаға деген қамқорлығы тек жас отбасы мен жас аналармен шектелмеуі тиіс. Әйел-ана қамқорлыққа қай кезде де зәру. Өзінің мемлекетке керек екенін әрбір азамат сезінген жағдайда ғана әлеуметтік дерт азаяды. «Мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және оның құқықтары» деген абзал қағида сөз жүзінде қалып қоймауы тиіс.

Халықтың демографиялық жағынан өсуі қай кезеңде де әлеуметтік тұрмыс шарттарымен тікелей байланысты болған. Қоғам ең алдымен дүниеге келетіндердің емес, келгендердің қамын ойлап, жағдайын жасауға тиісті. Нақты тұрмыстық проблемалар шешімін таппай тұрып, жаңа демографиялық толқын туралы сөз қозғау қиын. Қазіргі қазақ қоғамындағы әлеуметтік тұрғыдан ең аз қорғалған топ – жалғызбасты аналар мен әкесіз балалар. Өкінішке орай қазақ отбасының елеулі бөлігін дәл осы қорғансыз топ құрайды. Ана мен балаға қамқорлық дегенде біз ең алдымен жартыкеш отбасыларды ойлауымыз керек. Қазір бұл бағытта көп жұмыстар атқарылып отырғаны белгілі, дегенмен ол бүгінгі қазақ отбасының жарты бөлігін қамтуға жетпей отыр. Сондықтан ана мен баланың жай-күйін іргелі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қолға алып, ел аумағында жаппай жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру қажет.

Қай заманда болмасын қоғамдағы әйел мәртебесін биік дәрежеге қойған ұлттың еңсесі әрқашан биік болатының ұмытпағанымыз абзал!

Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!