Қазақ тілі – ғасырлар қойнауынан жеткен қастерлі қазына, ұлттың жаны мен жүрегінің дүрсілі. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген аталы сөз бар. Бүгінгі жаһандану заманында сол сөздің салмағы бұрынғыдан да ауыр. Себебі қазіргі әлемде ұлттың рухани шекарасы тек географиялық кеңістікпен емес, цифрлық кеңістікпен де өлшенеді.

Интернет, әлеуметтік желі, жасанды интеллект, онлайн білім – мұның бәрі бүгінгі ұрпақтың күнделікті тынысына айналды. Ендеше қазақ тілінің осы жаңа әлемдегі орны қандай?

Атақты академик Асқар Жұмаділдаев «Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз» деген екен. Ендеше, біздің мақсат осы болу керек.

Бүгінде қазақ тілі цифрлық кеңістікте «аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан баладай» алғашқы қадамдарын сеніммен жасауда. Бір қарағанда, әлеуметтік желілерде қазақ тілінде жазатын жастар көбейді, қазақша подкасттар мен блогтар, сайттар мен қосымшалар пайда болды. Бұл – көңілге медеу, үмітке демеу. Дегенмен «шоқтығы биік» деңгейге жеттік деу әлі ерте. Себебі сан бар жерде сапаға да орын бар. Ал тілдің абыройын асқақтататын – дәл сол сапа.

Цифрлық орта – тілдің айнасы. Егер сол айнадан қазақ тілінің шұбарланған бейнесін көрсек, онда мәселенің түп-тамыры тереңде жатқанын мойындауымыз керек. Әлеуметтік желіде жиі кездесетін қателер – соның айғағы. Мысалы, «сәлем» сөзінің орнына «салам», «қазір» сөзінің орнына «казир», «қайдасың» сөзінің орнына «кайдасын», «келемін» сөзінің орнына «келятрм», «жазып жатырмын» сөзінің орнына «жазватрм» деп жазу – жиі кездесетін көрініс. Қазақша пернетақтаның орнына орысша әріптермен хат алмасатынымыз жасырын емес.

Ал «н» мен «ң»-ды айыра алмайтындардың жағдайын айтпаса да белгілі шығар. Қазір тіпті осы екі әріпті айыра алмайтын болашақ мамандар көп. Ал олардың басым бөлігі жоғарғы оқу орындарын бітірген соң білім саласында жұмыс істемек. Яғни, мұғалімдер. Ал олар осы екі әріпті айыра алмаса, ол мұғалімнен білім алған оқушының сауаты не болмақ?! Қорқынышты, иә?

Бұл – жай ғана қате емес, бұл – тіл мәдениетінің әлсіреуінің белгісі. Тіл – киелі ұғым. Оны қалай болса солай қолдану «қолдағы алтынның қадірін білмеумен» тең. Әр сөз – ұлттың рухани коды, әр әріп – ғасырлардан жеткен аманат. Оған немқұрайлылық танытып, үйренісіп кетуге болмайды.

Қазір елімізде әлеуметтік желілердің басым бөлігі танымал. Олардың қатарына «Threads» қосымшасы да жаңадан енді. Байқап қарап отырсақ, ондағы қолданушылар түрлі жазбаларды шығарады. «Ветка» деген терминді «Бұтақ» деп аударып, қолданады екен. Бұл платформада жақсы жазбалар жарыққа шығады, бірақ қатеге толы, «көрсең көзің шығатын» посттар да жеткілікті. «Күйеу» сөзін «киеу», «кию», «кю», «кйеу» деп өрескел қатемен жазып жүргенді көріп жүрміз. Өкінішке қарай, бұл – Айсбергтің шыңы ғана.

Дегенмен мәселенің екінші жағы да бар. Қазіргі жастар қазақ тілін жақсы көреді. Олар қате жазса, білмейді дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа форматта сөйлетіп жатыр. Мемдер, қысқа бейнетаспалар, стористер – бұрын басқа тілде көретін едік, қазір қазақ тіліне ауысып, көрерменді қуантып жүр. Бұрын әдеби тіл тек кітап пен мінбердің еншісінде болса, қазір ол смартфон экранында өмір сүріп жатыр. Қазақша әзіл, қазақша челлендж, ұлттық тілдегі мотивациялық жазбалар – бәрі де тілдің тірі екенін дәлелдейді. Отандық блогерлерге бұрын неге қазақша сөйлемейді деп өкпелейтін едік, қазір ақырындап тіліміздің қадірін біліп, қазақша контентті қоға ала бастады. Тіл тірі болса, ұлт та тірі.

Цифрлық кеңістік – үлкен бәйге алаңы. Бұл алаңда кім жүйрік болса, сол озады. Сол үшін қазақ тілінің осы бағытта ақсап тұрған бірнеше тұсы бар.

Ең алдымен сапалы қазақша контент көбейуі тиіс. Қазақ тілінде ғылыми мақала, технологиялық блог, бағдарламалау сабағы, қаржы мен кәсіп туралы материал жеткілікті болуы керек. Қазір көптеген жас ақпаратты орыс немесе ағылшын тілінде іздейді, себебі қазақ тіліндегі контент аз немесе сапасы сын көтермейді. Бұл – қажеттіліктен туған жағдай. Егер сол қажеттілікті қазақ тілі өтей алса, тілдің беделі де өсер еді.

Қазақ тілінің цифрлық дәуірде әлі де кенжелеп келе жатқаны туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты, филология ғылымдарының магистрі Сұлтанбейбарыс Бақытбекпен пікірлескен едік.

– Тілді дамытуға бірлік керек. XXI ғасырдың ақпараттық қоғамында қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі орны – бұл тек технологиялық мәселе ғана емес, сонымен қатар тілдің өмір сүруі мен дамуының стратегиялық бағыты. Тіл маманы ретінде мен қазақ тілінің цифрландыруын – оның болашағына жасалатын инвестиция деп санаймын.

Қазақ тілінің цифрлық инфрақұрылымын қарастырғанда, біз әлі де толыққанды лингвистикалық ресурстардың тапшылығын көреміз. Компьютерлік аударма жүйелері, морфологиялық талдағыштар, орфографиялық түзеткіштер – осының бәрі жеткіліксіз, дамымаған күйінде.

Алайда біздің алдымызда тек мәселе ғана емес, керемет мүмкіндіктер де тұр. Қазақ тілінің табиғаты, морфологиялық байлығы – бұл жасанды интеллект үшін зерттеудің қызықты өрісі. Біз қазақ тілін үйрететін үлкен тілдік модельдер, нейрожелілік аударма жүйелері, дауыстық ассистенттер жасай аламыз. Бұл үшін бізге үш нәрсе керек: біріншіден, тілдік деректердің ашық қоры; екіншіден, филологтар мен бағдарламашылардың ынтымақтастығы; үшіншіден, мемлекеттік деңгейдегі қолдау және ұзақ мерзімді стратегия.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ тілінің цифрлық әлемдегі болашағы – бұл біздің қолымызда. Академиялық қауым тілдік ресурстар жасауға, IT-саласы оларды технологияларға интеграциялауға, мемлекет қаржыландыру мен стратегиялық қолдауға, ал қоғам осы жүйелерді белсенді пайдалануға жауапты. Тек бірлесіп әрекет етсек ғана біз қазақ тілін цифрлық дәуірдің толыққанды, бәсекеге қабілетті тіліне айналдыра аламыз, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты, филология ғылымдарының магистрі Сұлтанбейбарыс Бақытбек.

Екіншіден, цифрлық сауаттылық пен тіл мәдениеті қатар жүруі керек. Қазақ тілінде дұрыс жазу заманауи тілде айтқанда «трендке» айналса игі. Трендтің төрінде өз тіліміз тұрса, ұтылмаймыз. Мәселен, әлеуметтік желіде дұрыс жазылған, сауатты посттар көп лайк пен қолдау алатын үрдіс қалыптасса, жастар соған ұмтылар еді.

Үшіншіден, қазақ тілін технологиямен достастыру қажет. Қазақша интерфейстер, қазақша дауыстық көмекшілер, қазақша субтитрлер – бұлар тілдің болашағын айқындайтын факторлар. Тіл технологиямен табыспаса, уақыт көшінен қалып қоюы мүмкін. Қазіргі қолданыстағы «Алиса» құрылғысын негізге алсақ, сол секілді қазақша сөйлей алатын ЖИ негізінде дауыстық көмекшіні іске қосу керек.

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл – құр ұран емес, өмір шындығы. Бүгінгі бала смартфон ұстап өседі. Ол қай тілде ойын ойнап, қай тілде видео көрсе – сол тіл оның ойлау жүйесіне айналады. Сондықтан қазақ тілі цифрлық әлемде толыққанды өмір сүрмесе, ертеңгі ұрпақтың тілдік болмысы да өзгеруі мүмкін.

«Теңіз тамшыдан құралады» дейді дана халқымыз. Әр қазақ әлеуметтік желіде бір сөйлемді дұрыс жазса – ол тілге қосылған үлес. Әр блогер қазақша контент жасаса – ол тілге жасалған қызмет. Әр ата-ана баласына қазақша мультфильм қосса – ол тілге салынған инвестиция.

Бүгінгі цифрлық дәуір – сынақ пен мүмкіндік тоғысқан кезең. Бұл кезеңде қазақ тілі не биікке көтеріледі, не тасада қалады. Таңдау – біздің қолымызда. «Көп түкірсе – көл» демекші, тілге жасалған әрбір игі іс – ұлт болашағына салынған алтын көпір. Қазақ тілі тек өткеннің мұрасы емес, ол – болашақтың да тілі. Ендеше, сол болашақты бірге жазайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!