«Қазақша бизнес» пен Қоянбаевтың дәуірі осыдан 7 жыл бұрын 2016 жылы басталған болатын. Алғаш рет Алматыда режиссер Жеңісхан Момышевтың «Бизнес по-казахски» комедиясының алдын-ала көрсетілімі өтті. Фильмнің бас продюсері – жерлесіміз, белгілі тележүргізуші Нұрлан Қоянбаев. Басты кейіпкерлердің бірін де өзі сомдайды. Шетелге барып, бизнес бастаған қазақтардың оқиғасы біреулерге бір рет көруге тұрарлық жеңіл комедия көрінсе, көрерменнің бір тобы жалғасын түсіруді сұрап жатты. Осылайша кассасы арқылы бірнеше елде «қазақша бизнестің» жалғасы коллаб ретінде түсірілді.
Өткен жылдың соңында шыққан Үндістандағы нұсқасы – Қоянбаевтың қазақша бизнесіне деген көрермен ықыласын бәсеңдеткендей. Бұған дейін жобаның бес бөлімі жол тартқан болатын. Айта кетейік, Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» туындысының алғашқы бөлімі елімізде жарық көріп, кейін Америка, Корей, Африка, Түркия елдерінде жалғасын тапты. Үндістандағы бизнестің ерекшелігі неде? Касса жиналады, көрермен талғамы ше?
«Біздің фильмге үнді актері Сиддхартх Шукла (әйгілі «Келін» сериалының жұлдызы) түсті. Біз Сиддхартхаға фильмге түсуге ұсыныс тастағанымызда ол өзіне Қазақстанның қатты ұнағанын, сондай-ақ бірінші рет шетелдік фильмге түскенін айтты.
Кейбіреулер «қазақша» дегенді теріс ұғып жатады. Ал менің ойымша, «қазақша» деген сөздің мағынасын қонақжай әрі кеңпейілді деп қабылдайтын уақыт жетті. Әр өңір өз менталитетімен ерекшеленеді. Сол себепті де өз менталитетіңнен, болмысыңнан ұялудың қажеті жоқ», – деді Нұрлан Қоянбаев.
Сонымен қатар фильмге Болливуд жұлдызынан бөлек отандық актерлер де түскен. Олардың қатарында Жан Байжанбаев, Гүлназ Жоланова, Әбунасыр Серіков, Құралай Анарбекова, Максим Акбаров, тіпті, әнші Төреғали Төреәлі де бар. Сценарий авторлары: Әлишер Утев пен Арыстан Каунев.
Жалпы кинокомедияның сюжеті бойынша, Жомарт есімді қазақ кәсіпкердің қанақүйіне ірі инвестор қызығушылық танытады. Қонақүйдің ашылу салтанатына жақындаған тұста барлық қызметкерлер жұмыстан шығып, оқиға шиеленісе түседі. Осылайша, жәрдемдесуге келген Жомарттың жақындары «қазақша бизнестің» жасалу жолын көрсетеді.
Аталған фильм желтоқсан айының 29 жұлдызынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. 80 минуттық фильмнің жанры – комедия, шытырман. Комедиясүйер көрермен үшін бұл туындының көңілден шығары анық. Ал сыни көзбен қарайтын қоғамның сан түрлі саласындағы көрерменнің пікірі қандай?
«Шынымды айтсам, қазақша киноның фанаты емеспін. Дегенмен кинотеатрда қазақша фильмдер, қазақ авторларының туындылары жарық көрсе, міндетті түрде барып қараймын. Бұл – өзімізден шығатын контентке, өнімге деген құрмет.
Қоянбаевтың да барлық киносын көріп шықтым. Көбіне достармен, отбасымен көруге ыңғайлы, комедия жанрындағы туынды ретінде өзінше қызықтыра алады. Сол сәтте қоғамда болып жатқан оқиғалардың, өзекті жайттардың әзіл арқылы жеткізілуі ұнайды. «Қазақ» десең, өзіңе келеді дейміз ғой. Еш боямасыз, шынайы қазақтың бейнесін көруге болады. Кейде шектен тыс мақтаншақпыз, аңғалмыз. «Понт» қуғанды ұнатамыз. Осының бәрі әзіл арқылы көрініс тапқанда шын мәнінде күле отырып, өзімізге сын көзбен қарауымыз керегін ұқтырады. Үндістандағы бизнес те сондай. Бірақ осы туынды топтаманың соңғы жобасы шығар деп топшыладым. Барлық нәрсе шектен аспағанда, маңызын, мәнін сақтай алғанда ғана қызықты», – дейді Малика Жасұланқызы.
Айта кетейік, автор Нұрлан Қоянбаев Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетіне оқуға түскен ол университетті 2000 жылы бітірген. 2012-2015 жылдары қайтадан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық қатынастар факультетінде білімін жалғастырған.
Жерлесіміз өнердегі қадамын КВН ойындарына белсенді қатысудан бастаған. «Астана.kz» (кейінірек «Қазақтар») КВН Жоғары Лигасы командасының капитаны болды. 2003 жылы Қазақстанның, 2006 жылы Ресейдің ең үздік КВН ойыншысы ретінде танылды. 2013 жылы «Qazaqstan» телеарнасында «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуының тележүргізушісі болса, 2017 жылы Қазақстан РТРК бас продюсерлігіне келді. Осылайша кино бизнесіне келген ол телевидение саласында талай жыл еңбек еткен.
Үздіксіз ізденісі мен шығармашылық еңбегінің нәтижесінде 2017 жылдың соңында ол Forbes Kazakhstan журналы құрған шоу-бизнес және спорт жұлдыздарының тізімінде төртінші орынға ие болды. Журналдың бағалауы бойынша оның жылдық кірісі 500 миллионнан асқан.
– «Arai city mall» орталығындағы кинотеатрдан жерлесіміздің киносын тамашаладық. Әрине, қазақша бизнес топтама ретінде жақсы туынды. Әр жолы ізденетіні, жаңа әзіл, жаңа кейіпкерлер қосатыны көрініп тұр. Алайда жекелеген кино туындысы ретінде көрерменді жалықтыра бастағандай. Жалпы елімізде Нұрланға дейін де комедия ұсынатындар көп болған, бола да береді. Мүмкін, комедияның кассасы жақсы деген оймен осы жанрды таңдайтын шығар. Дегенмен Қоянбаевтың 5-6 жылдағы дамуы, өзгерісі байқалады.
Бұрын ауыл мен қала, тойдың жыры сынды жаттанды тақырыптар көп еді. Соңғы жылдары қазақ киносы жаңа тақырыптарды қозғап жүргенін, көрермен сұранысына сай жұмыс істей бастағанын мойындау керек. Демек қазақша контентке сұраныс бар, көрермен қазақтың туындысын таңдайды, көреді. Алдағы уақытта Қоянбаевтан да жаңа туындылар күтеміз. Ал Үндістандағы бизнес аса көңілімнен шықпады, – дейді Анар Жасталапова есімді студент.
Иә, қазақша бизнестің кассасы да, қаншама жұртты жинай алған сюжеті мен актерлық құрамы да ерекше сұраныста болды. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші тақырыбы бір, талқыға түсетін идеясы ұқсас туындымен көрермен көңілін суытып алмаңыз, Қоянбаев мырза…
Аделина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!