Қазір өмірімізді телефон мен интернетсіз елестету қиын. Адамдар жаңалықты да, кеңесті де, тіпті күлкі мен демалысты да әлеуметтік желілерден іздейді. Ал сол желілерде қазақ тілі қалай дамып жатыр? Бұл – бүгінгі күннің маңызды сұрағы.
Қазір TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келеді. Бұрын көпшілік орысша немесе ағылшынша видеоларды көруге үйренсе, қазір қазақша контентке сұраныс артып отыр.
Мысалы, тарихты қызықты әңгімелейтін «Тарихшы ағай» Нұрқожа Ерсайын TikTok-та мыңдаған көрермен жинап, жастардың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Ал Назерке Мұса қазақтың салт-дәстүрі мен аңыздарын заманауи тілмен жеткізіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр.
Осындай жастардың арқасында қазақ тілі интернеттің де тіліне айналып келеді.
Қазір балалар мен жастардың көбі ақпаратты интернеттен алады. Демек, олардың тілдік мәдениеті де сонда қалыптасады. Егер блогерлер дұрыс сөйлеп, сауатты жазса – жастар соны үлгі етеді. Керісінше, шұбар тіл мен орынсыз сөздер көп қолданылса – ол да әсер етеді. Сондықтан қазақша контент жасайтын әр адам тілге жауапкершілікпен қарауы керек.
Мысалы, TikTok-тағы Avdi_senpai_i есімді жас блогер ауыл өмірін, мал бағу мен қазақ тұрмысын қызықты видеолар арқылы көрсетеді. Оны миллиондаған адам көреді. Бұл – қарапайым, шынайы өмірдің өзінен шыққан ұлттық құндылықты насихаттау. Ал басқа блогерлер қазақ тілінде ғылым, бизнес, психология, өнер туралы түсінікті тілмен айтып жүр. Бұл – үлкен жетістік.
Интернет қазір қазақ тілін кеңінен қолдануға жол ашты. Бүгінгі таңда қазақ тілінде жаңалықтар, әзіл видеолар, подкасттар, білім беру арналар көп. Бұл – тілдің өміршеңдігін көрсетеді. Дегенмен, кей контенттерде тіл нормалары сақталмай жатады. Мұндайда қоғам болып, «қазақ тілін қалай көркейтеміз?» деген ортақ жауапкершілікті сезінуіміз керек.
Қазақ тілінің қадірін арттыру – тек мұғалім мен тіл маманының емес, әр блогердің, әр оқырманның, әр көрерменнің міндеті деп білемін.
Бүгінгі қазақ блогерлері – жаңа дәуірдің сөз ұстаушылары. Олар өз видеолары мен жазбалары арқылы елдің ойын қалыптастырып, жастарға әсер етіп отыр. Қазақ тілі бүгінде сахна мен газетте ғана емес, интернеттің де басты тіліне айналып келеді.
Сондықтан, әр қазақ әлеуметтік желіде сөйлеген сайын, пост жазған сайын, видео түсірген сайын – тіліміздің болашағына үлес қосып жүр. Тек соны ұмытпай, қазақша таза, түсінікті, әдемі сөйлеуге тырысайық.
Ақниет САБЫР 290 орта мектептің 9ә-сынып оқушысы Жетекшісі: Венера Сауяева
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!