Әуежай иесі жоқ багажды не істейді? Бұл сұраққа Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаменті жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске салайық, бұған дейін желіде «қайырымдылық акциясы» аясында иесі жоқ багаж небәрі 1099 теңгеге сатылатыны айтылған хабарлама тарады. Бұл жарнаманы әлі де кездестіріп қалуыңыз мүмкін. Алайда Алматы Халықаралық әуежайы бұл ақпаратты жоққа шығарып, алаяқтардан сақ болуға шақырды. Ендеше, иесі табылмаған багажға не болады?

Багаждың иесі табылмаса…

Әуежай аумағында табылған барлық ұмыт қалдырылған заттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес Lost & Found бөлімінде 6 ай бойы сақталады. Жолаушылар өз заттарын алу үшін Lost & Found бөліміне жүгіне алады.

Алматы әуежайы иесі табылмаған багаж әуежай қоймасында 5 күн сақталатынын, содан соң авиакомпаниялардың бас офисіне жіберілетінін айтты.

«Егер жолаушы әуежайға келгеннен кейін өз багажын алмаса, ол халықаралық Алматы әуежайының қоймасында 5 күн бойы сақталады. Осы мерзім өткеннен кейін багаж тасымалдауды жүзеге асырған авиакомпанияның бас офисіне беріледі. Жолаушылар багаждың орналасқан жерін анықтау үшін рейс келген күннен бастап бес күн ішінде Lost & Found қызметіне хабарласып, өз багажын қайтара алады», – деді Алматы халықаралық әуежайының корпоративтік коммуникациялар департаменті.

Бұл сұрақты қазақстандық авиакомпаниялардың біріне қойып көрдік. 

«Барлық ұмытылған заттар Air Astana-ның Lost&Found кеңселеріне беріледі. Кеңселер әуежайдың екі терминалында да орналасқан. Табылған заттар 30 күн бойы сақталады. Тез бұзылатын өнімдер үш күн ішінде кәдеге жаратылады. Жолаушылар ALA.LF@airastana.com электрондық поштасына немесе help.airastana.com сайтына сұрау сала алады. Ал 30 күн өткен соң, қоймада тағы жарты жыл сақталады, одан кейін қайырымдылық қорларына табысталады», – деп жауап берді Air Astana авиакомпаниясының баспасөз қызметі.

Әуежай тексеру пунктінен өтпей қалған заттарды не істейді?

Егер жолаушы қол жүгінде тыйым салынған заттарды алып жүрсе, оларды тексеру пунктінде өткізбейді.

«Барлық алып қалынған заттар арнайы журналда тіркеледі және сақтау бөлмесіне қойылады. Егер алынған заттар (мысалы, пышақтар) қауiпті болса, олар белгiленген тәртiппен сақталады», – деді әуежайда.

Жолаушылар алып қалынған заттарды келесі шарттар сақталған жағдайда қайтара алады:

  • Жолаушы алып қою хаттамасының түбіртегін және жеке куәлігін көрсетуі тиіс.
  • Алып қалынған заттар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 16:30-ға дейін беріледі. Түскі үзіліс сағат 12:00-ден 13:00-ге дейін.
  • Егер жолаушы затты рейске отырғанға дейін қайтарып үлгермесе, ол бұл затты алуды нотариалды куәландырылған сенімхат берілген сенімді тұлғаға тапсыра алады.

Алматы әуежайында егер 30 күн iшiнде заттар талап етiлмесе, олар кәдеге жаратылатынын (утилизация) айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!