KAZINFORM – Полиция қаруды тіркеу, сақтау және тасымалдау ережелерін түсіндірді.
Дерекке қарағанда, Қазақстан азаматтарына аңшылық, спорттық және өзін-өзі қорғау мақсатында қару иеленуге рұқсат етіледі.
Қаруды сатып алу үшін www.elicense.kz порталы арқылы полициядан арнайы рұқсат алу қажет. Сатып алынған қару бір апта ішінде тұрғылықты жердегі полицияда тіркелуі тиіс. Әр 5 жыл сайын рұқсатты жаңарту қажет, – деп түсіндірді ІІМ баспасөз қызметінен.
Сақтау талаптары:
- Қару қалыңдығы кемінде 3 мм болатын металл сейфте немесе берік темір жәшікте сақталуы тиіс;
- Қару оқ-дәріден бөлек сақталады;
- Қауіпсіздік талаптары сақталып, қалалық елді мекендерде дабыл жүйесі орнатылуы керек;
- Кәмелетке толмағандардың қаруға қолы жетпеуі тиіс.
Қаруды тиісті рұқсатпен ғана тасымалдауға болады. Қоғамдық орындарда қару оқталмаған, қаптаулы күйде болуы тиіс.
Ережелерді бұзу қаруды тәркілеуге, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін білгеніңіз абзал, – делінген жазбада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!