10 қазан – Қазақстан Кәсіподақтары күні – еліміздегі еңбек адамын қолдауға арналған маңызды мерекелердің бірі. Биыл бұл күн ерекше мәнге ие. Себебі Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз мәслихаты өтіп, онда Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев кәсіподақ қозғалысының тарихы, қазір атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндады.
– Елімізде кәсіподақтар тарихы сонау 1905 жылдан басталады. Биыл Қазақстан кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен жұмысшы құқығын қорғау жолындағы ғасырдан астам уақытқа созылған тарих, – дейді бірлестік төрағасы.
Оның айтуынша, қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан Өспен мыс кеніші жұмысшыларының одағы – Қазақстан жеріндегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы саналады.
– Кәсіподақтың басты мақсаты – еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны әділ төлеу және жұмысшылардың құқықтарын қорғау. Кеңес дәуірінде кәсіподақтар миллиондаған жұмысшының әлеуметтік- экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған ауқымды ұйымға айналды. Тәуелсіздік жылдарында кәсіподақ қозғалысы күрделі өзгерістерден өтті. Еңбек қатынастары жаңа заңнамалық нормаларға сай реттелді, жұмысшылардың құқығын қорғау жүйесі жаңғыртылды, – деді Мақсұт Ыбрайханұлы.
Төраға атап өткендей, бүгінде Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым саналады. Оның құрамында 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшесі бар.
– Федерацияның құрылғанына биыл 35 жыл толып отыр. Бұл жылдар ішінде федерация еңбек адамының мүддесін қорғаудың қуатты институтына айналды. ҚРКФ құрылымына 16,5 мың бастауыш кәсіподақ ұйымдары, 18 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері және 24 салалық кәсіподақ кіреді. Ұйым халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының мүшесі ретінде Орталық Азия елдері мен түркі мемлекеттері кәсіподақтарының ынтымақтастығын дамытуда белсенді рөл атқаруда, – деді төраға.
Спикердің айтуынша, Қызылорда облысының кәсіподақ қозғалысы да бай тарихқа ие.
– Қызылорда облысы кәсіподақтарының 75 жылдық тарихы бар. 1949 жылғы 31 желтоқсандағы Қазақстан кәсіпшілер одағы Кеңесінің қаулысымен облыстық кәсіподақтар кеңесі құрылған. 1950 жылы алғашқы облыстық конференция өтіп, оның төрағасы болып Мөрәлі Шаменов сайланған. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының шешімімен облыстық кәсіподақтар кеңесі қайта құрылып, Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы болып өзгертілді. Бүгінде біздің бірлестік 12 салалық кәсіподаққа мүше 97 мыңнан астам еңбеккерді біріктіреді, – деді Мақсұт Нәлібаев.
Оның сөзінше, өңірдегі кәсіподақ ұйымдары әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытып, еңбеккерлердің жалақысы мен құқықтарының қорғалуына басымдық беріп келеді.
– Кейінгі жылдары өңірде еңбек қатынастарының тұрақтылығын сақтау үшін 52 меморандумға қол қойылып, 130-дан астам ұжымдық шарт жаңартылған. Барлығы 5923 ұжымдық шарт жасалған, бұл кәсіпорындардың 67,7%-ын қамтиды. Осы келісімдер арқылы жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылды, – дейді төраға.
Кәсіподақ ұйымдары еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөледі.
– Кәсіподақтар бастамасымен өңірдегі кәсіподақ ұйымы бар 736 мекемеде өндірістік кеңестер құрылып, техникалық инспекторларға арналған оқыту семинарлары өткізіліп тұрады. Сонымен қатар әлеуметтік әріптестермен бірге өңірлік үшжақты комиссияның жұмысы белсенді жүргізілуде. Бұл – жұмыс беруші, мемлекет және кәсіподақ арасындағы тең диалогты қамтамасыз ететін маңызды алаң.
Мемлекетіміз биыл «Жұмысшы мамандықтар жылын» жариялады. Бұл – еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Біз өндірістің әр саласында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшыларға қолдау көрсетеміз. Алдағы еңбек күніне орай көптеген жұмысшы марапат төріне шығып, еңбегі еленбек, – дейді Мақсұт Нәлібаев.
Сондай-ақ биылғы съезд аясында кәсіподақтардың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, онда әділ жалақы, еңбек қауіпсіздігін күшейту, ұжымдық шарттарды нығайту және жастарды кәсіподақ жұмысына тарту бағыттары айқындалды.
– Бұл құжат «Өзгерістер дәуіріндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар » деп аталады. Онда жалақыны әділ есептеу, еңбек қауіпсіздігін арттыру, ұжымдық шарттар жүйесін нығайту, жастар мен әйелдердің кәсіподақ қызметіне белсенді араласуын қолдау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту секілді негізгі бағыттар қамтылған. Біз қазір осы стратегияны өңірлік деңгейде жүзеге асыруға кірістік.
Еңбек адамы – ел дамуының тірегі. Оны қорғау – біздің ортақ міндетіміз, – деп түйіндеді Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы.
Бұл мереке – еңбек адамдарын ұлықтап, олардың қоғамдағы еңбегіне құрмет білдіретін маңызды күн. Кәсіподақ қозғалысының басты мақсаты да – еңбек адамының мүддесін қорғап, әділдік пен ынтымақты нығайту.
Аружан МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!