Іnbusiness.kz. Ресми статистикалық жинаққа сүйене отырып, экономика ғылымдарының кандидаты Жібек Омарханованың хабарлауынша, осыдан он жыл бұрын, 2015 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда жалпы саны 7 093 ауылдық елді мекен болыпты. Бұл 2009 жылғы мәліметтен 567 ауылдық елді мекенге аз.

Ал, 2025 жылғы қаңтардағы жай-күй бойынша елімізде жалпы алғанда 6 298 елді мекен ғана қалған. Оның 90-ы – қала, 29-ы – қалалық үлгідегі кент және 6 179-ы – ауыл.

Осылайша, кейінгі он жыл ішінде – 914, 2009 жылдан бері – 1 481 ауыл жабылып қалған. Бұған ол ауылдарда бала аздығынан мектептердің жұмысын тоқтатуы, жұмыс жоқтықтан еңбекке қабілетті жастағы тұрғындардың, әсіресе, жастардың жаппай қалаға кетуі, бизнес жүргізу үшін жағдайдың жасалмауы, орталықтардан тым шалғай орналасуы және жолдардың жарамсыз болуы салдарынан өзгемен көлік қатынасының тоқтауы сияқты көптеген фактор түрткі болды.

Сарапшылар ауылдардың жойылуына кейінгі жылдары елді жайлаған дала-орман өрттері және былтырғы алапат су тасқыны қуатты қозғау салғанына да назар аудартады.

Ауылға халықтың тұрақтамауына телекоммуникациялық байланыстың тоқырауы да серпін берді. Жұртшылық онсыз жедел жәрдемді, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды, полицияны шақыра алмайды, орталықтан ешқандай шұғыл көмек алғыза алмайды.

Қазақ елі мүлде ауылсыз қалмауы үшін жұртшылық депутаттардан елді мекендерді интернеттендіруді жеделдетуді сұрады. Олар бұл талап-тілекті Үкімет басшысына жеткізді.

Бұған дейін ұзақ жыл жүрген цифрландыру науқаны көзбояушылыққа толы болғаны Парламент қабырғасынан да мәлімделді. Егер нағыз цифрландыру – кең жолақты интернет әр ауылға дейін жетсе, онда ол жергілікті экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелер еді.

«Елімізде 7 миллионан астам азамат ауылда тұрады. Бүгінде 6 мыңнан аса ауылдың 2 045-сі ғана 4G-мен қамтылыпты. Бұл бар болғаны 33%-ы ғана. Қалған 45%-ы немесе 2 813 ауыл ескірген және деректерді өткізу қабілеті нашар 3G-мен ғана қамтылған. Тіпті «ежелгі» 2G де есепке алынуда! Ал, 1 049 ауылда интернет байланысы мүлдем жоқ. Талшықты-оптикалық байланыс желісі 3 610 ауылға, яғни 58,4%-ына әлі күнге тартылмаған», – деді Сенат депутаты Сәкен Арубаев.

Ол «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасына 2023–2027 жылдарға ел қазынасынан тек 1,5 миллиард теңге ғана қарастырылғанын жеткізді. Сенатордың мәліметінше, 2025–2027 жылдарға бағытталған инвестжоба аясында 3 039 елді мекенге және 5 650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықты интернет тартуға 239 миллиард теңге жоспарлағанымен, тиісті қаражат бөлінбепті. Демек, бұл саланың деградациясы байқалады.

Интернет пен байланыс қатар дамыған заманда олардың сапасының нашар болуы немесе мүлдем болмауы көптеген қиындық тудырды.

«Біріншіден, білім саласында бұл ауыл мектептері оқушыларының цифрлық білім платформасына қол жеткізе алмауына және білім сапасы жөнінен қалалық құрбыларынан қалыс қалып қоюына соқтырды. Электронды күнделік, тестілеу, олимпиадалар, онлайн курстар және өзгесі интернетсіз мүмкін емес. Пандемия кезінде бұл айқын байқалды: көптеген ауыл оқушылары қашықтан оқуға қосыла алмай, тапсырмаларды қағазбен тасыды. Бұл жағдай қазір де өзгерген жоқ», – дейді депутат.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласында ақпараттық жүйелерге қосылмаған ауылдық медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жетерлік. Дәрігерлер «Дамумедтен» науқастың диагнозын, емделу тарихы мен дәрілік препараттар тізімдерін дер кезінде көре алмайды.

Әр ауруға қандай емдеу қолдануды белгілейтін протокол-хаттамалар да қолжетімсіз. Сонымен қатар, телемедицина дамымады, соның ішінде қашықтан хирургиялық операция жасау түгіл, қарапайым медициналық кеңес беру, консилиум өткізу мұң болды.

Үшіншіден, мемлекеттік қызметтер саласында еGov платформасы, «E-Salyq», Halyk, Kaspi, электронды шот-фактура шығару, тағы басқа цифрлық сервистер бүгінде интернетсіз ауылдықтардың түсіне ғана кіруі мүмкін. Олардың тұрғындары сол бұрынғыдай анықтама алу, субсидия рәсімдеу, баланы балабақшаға тіркеу, зейнетақы төлемін бақылау, ақша аудару сияқты қызметтер үшін аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Салдарынан, алтын уақытын жоғалтады, отбасылық бюджетін босқа, қосымша шығындайды.

Төртіншіден, елімізде тіркелген 250 мыңнан аса шаруалардың GPS арқылы дронмен немесе жүргізушісіз басқарылатын техникамен егін егуі, тыңайтқыш себуі, малдың жай-күйін, жайылуын қашықтан онлайн бақылауы, ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалануы – осының барлығы интернетке тәуелді, бұл да арманға айналды.

«Үкімет бұл бағытта бірнеше стратегиялық қадамдар жасады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын, «250+» жобасын іске асырды. Соның аясында 2024 жылы тағы 200 ауыл қамтылыпты. Бұл жеткіліксіз. Кейбір жобалар тек орталық ауылдарға жетіп, шалғай, шекара маңындағы елді мекендерді айналып өтуде. Байланыс операторлары «пайдасы аз» деп, ауылдарға барудан ашық түрде бас тартады. Мемлекет субсидия беруге ниетті, бірақ нақты механизмдер мен құқықтық нормалар жетілмеген», – дейді сенатор Арубаев.

Өз кезегінде Сенатқа хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауылдық елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет жеткізу ісі жолда қалмағанына сендірді.

«Телекоммуникация саласының дамуы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында шешуші рөл атқарады. Бүгінде елде бар 6 179 ауылдың 4 906-сы интернетпен қамтылды. Соның ішінде 2 724-і – 3G, 2 182-сі – 4G, 1 902-сі – ADSL, 2 654-і – талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) сияқты түрлі технологиялар арқылы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының шеңберінде тиісті жұмыстар жалғасып жатыр. Онда 2028 жылға дейін халық пен кәсіпкерлік субъектілерін кемінде 100 Мбит/с деңгейінде болатын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді Бектенов.

Оның дерегінше, ауылдардағы әлеуметтік маңызы бар объектілерді интернет желісіне жалғау үшін келесі жұмыстар жүргізілді:

• 2018–2020 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 890 мектеп кемінде 50 Мбит/с жылдамдықпен интернетке қосылды.

• 2024 жылы білім ордалары ТОБЖ-ға қосылғанға дейін 1 657 мектепте Starlink спутниктік байланысына пилоттық қосу жүзеге асырылды.

Еліміз бойынша жалпы саны 8 004 мектеп болса, соның ішінде 7 917-сі түрлі технология бойынша интернет желісіне қосылған. Нақтылағанда:

• ТОБЖ-ға – 4 663 мектеп;

• радиорелелік байланыспен – 1 093 мектеп;

• Starlink-ке – 1 657 мектеп қосылған.

• Қалған 504 мектеп төмен жылдамдықты технологиялармен (16 Мбит/секундтан аз) қамтылған: ADSL (мыс сым технологиясы) бойынша – 263 мектеп, LTE (мобильді модемдер) бойынша – 144 мектеп, спутниктік технологиялар бойынша – 97 мектеп.

«Сонымен қатар 2025–2027 жылдар аралығында «Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған инвестициялық келісім аясында кемінде 100 Мбит/с жылдамдықты интернетпен 3 039 ауылдық елді мекенді және 5 650 мемлекеттік мекемені қамту жоспарланған. Арасында мектептер саны – 2 011, фельдшерлік-акушерлік пункттер – 1 959, полиция бөлімшелері – 249, шекара қызметі бөлімшелері – 68, ТЖМ бөлімшелері – 19, әкімдіктер – 571, ветеринариялық пунктер – 22, қоғамдық қолжетімділік нүктелері – 713, шекаралық өткізу пунктері – 38″, – деп мәлімдеді Премьер-министр.

Ал, байланыс операторлары ауылға дейін баруы үшін оларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оларға арналып, әмбебап байланыс қызметтерін субсидиялау тетігі қайта енгізілуі мүмкін. Осы мақсатта «Байланыс туралы» заңның 34-бабының 2-тармағына субсидияланатын әмбебап байланыс қызметтерінің тізбесін кеңейтуге және байланыс операторларын қаржылық қолдаудың неғұрлым икемді тетіктерін құруға бағытталған түзетулер пысықталуда.

Қазіргі уақытта бұл нормалар «ҚР кейбір заңнамалық актілерге телекоммуникация нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына енгізілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!