Қазақстан Республикасында атқарушылық іс жүргізу саласындағы қоғамдық қатынастар Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы Заңы негізінде реттеледі. Аталған заң сот актілерінің, өзге де органдар қаулыларының міндетті түрде орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған және сот орындаушыларының құқықтық мәртебесін, өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды. Заң талаптарын сақтау – құқық үстемдігінің және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуының маңызды кепілі. Ал осы заңнаманы бұзу атқарушылық іс жүргізудің тиімділігіне нұқсан келтіріп, құқықтық жауаптылыққа әкеледі.

Атқарушылық іс жүргізу заңнамасын бұзу деп сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот актісін орындаудан жалтару, мүлікті жасыру немесе заңсыз иеліктен шығару, жалған мәлімет беру сияқты әрекеттер (немесе әрекетсіздік) танылады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықтың бірнеше түрі көзделген. Атап айтқанда, сот орындаушысының талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі нормаларына сәйкес қолданылады. Егер сот актісін қасақана орындамау немесе сот орындаушысына кедергі келтіру қоғамға қауіпті сипат алса, онда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі негізінде қылмыстық жауаптылық туындайды. Сонымен қатар сот орындаушыларының өздері қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда тәртіптік жауаптылыққа тартылады, ал заңсыз әрекеттер нәтижесінде келтірілген зиян азаматтық-құқықтық тәртіппен өтеледі.

Сот орындаушысының заңды талаптары барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар және азаматтар үшін міндетті болып табылады. Оларды орындамау мүлікке тыйым салу, банктік шоттарды бұғаттау, борышкердің шетелге шығуын уақытша шектеу сияқты мәжбүрлеу шараларын қолдануға әкелуі мүмкін. Демек, атқарушылық іс жүргізу саласындағы жауаптылық институты сот актілерінің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін маңызды құқықтық тетік болып табылады және ол мемлекеттегі заңдылық пен тәртіптің сақталуына тікелей ықпал етеді.

К.Абдурахманова,
Қызылорда облысының
Әділет департаментінің бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!