Sputnik. Қазақстанда 14,1 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 103 шетел азаматы еңбек етеді.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 817 жұмыс беруші бар. Оларда 334,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы», – деп жазылған хабарламада.

Министрлік хабарлауынша, экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер: құрылыс саласында – 4 993 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 2 316 адам, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 235 адам, өңдеу өнеркәсібі – 1 155 адам.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

Қытай – 5 604 адам;

Өзбекстан – 2 110 адам;

Түркия – 1 036 адам;

Үндістан – 943 адам.

2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!