Қазір елімізде 2 миллион отбасының баспанасы жоқ. Олар пәтер жалдап жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, – деп хабарлады Massaget.kz тілшісі.

Ол бүгінде Қазақстанда баспана мәселесі әлі өзекті екенін жеткізді.

«Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл шамамен 2 миллион отбасы мүшесі пәтер жалдап жүр деген сөз. Оның ішінде, олардың үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табыстары тамағынан артылмайды. Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал бір жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент? Үй болмай, күй болмас!», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Елнұр Бейсенбаев маңызды жобаларға қаржы бөлінетінін, бірақ ақша уақытында игерілмейтінін айтты.

«Бір ғана мектеп мәселесін мысалға келтірсек жеткілікті. Бюджеттен 2023 жылы мектептердің құрылысына бөлінген қаражаттың көлемі 164 миллиард теңге болса, оның тек 37 пайызы ғана игерілген. Бұл да үлкен проблема.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алудың тағы бір олқы тұсы бар. Бюджеттен ақша бөлеміз, ал қажетті жұмыстар басталмайды, нысан салынбайды. Бірін-бірі сотқа сүйреген компаниялардың жеке мүддесі мен ренішінен әлеуметтік нысандар тоқтап қалып жатыр. Бұл іс кемінде 3-4 ай ай қарастырылады. Соңында жоба құны қымбаттайды, нысан уақтылы салынбайды. Көбінде шағым дәйексіз болады», – деді Amanat фракциясының төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!