фото: BAQ.KZ

Өнеркәсіп және құрылыс бағытындағы жаңа мамандықтар атласында 75 мамандық қамтылған. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік қадағалайтын салалар бойынша кадрларға қажеттілік шамамен – 40 мың адам. Қазіргі таңда атласқа енгізілген 75 жаңа мамандық осы сұранысты қамтуға бағытталған.

Мысалы, металлургия және кен өндіру секторында – роботтандырылған кен техникасының операторы, өндіруші және металлургиялық өнеркәсіптің смарт-жүйелерін әзірлеуші; машина жасау саласында – виртуалды прототиптеу бойынша маман; құрылыс саласында – цифрлық жобалаушы, Big Data аналитигі, «Ақылды үй» жобалаушысы бар. Сонымен қатар, 40-тан астам мамандық бизнес-процестерді автоматтандыру барысында трансформациядан өтті, – деді Иран Шархан.

Биыл өңдеу өнеркәсібі саласындағы 190 инвестициялық жоба аясында машина жасау саласында тағы 8 жаңа мамандық пайда болады. Олардың қатарында – 3D-басып шығару және дәнекерлеу инженері, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы және басқа да мамандықтар бар.

Осылайша қоғамда қалыптасқан дәстүрлі жұмысшы мамандықтарының бейнесі өзгеріп, қол еңбегі біртіндеп автоматтандырылған жүйелермен алмастырылып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін министрлік енді жұмыс іздеуге бар болғаны 5 минут кететінін айтты. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!