Адам өмірден өткеннен кейін жерлеу рәсімі дініне сәйкес өткізіледі. Алайда бұл оңай шаруа емес, өйткені бүгінде адамды ақтық сапарға шығарып салу айтарлықтай қаржыны талап етеді. Massaget.kz тілшісі қайтыс болған адамды жерлеуге қанша ақша кететінін анықтап көрді.
Қазақстанда осы қызмет түрін ұсынатын компания көп. Оның ішінен Алматыдағы бірнеше компаниямен байланысқа шықтық.
Жерлеу рәсімін ұйымдастыру қанша?
Мегаполистегі компанияның бірінде мұсылмандарға арналған бөлім бар. Онда жерлеуге байланысты тауарлар мен ұсынылатын қызмет түрі көрсетілген. Мәселен
- Кебіннің бір метрі – 5 жүз теңге;
- Марқұмның денесін қабірге дейін салып апаруға табыт – 5 мың теңге (бір тәулікке жалға);
- Денені жуындыру – 25 мың теңге;
- Мұсылман тақтасы – 8 мың теңге;
- Қабір қазу – 50 мың теңгеден;
- Мәйітті тасымалдау – 10 мың теңгеден;
- Мазар тақтасы – 15 мың теңгеден басталады.
Бұдан бөлек компания христиандар мен корейлерге қызмет ұсынады.
Жерлеу рәсімін толық ұйымдастыру
Алматыда адамды ақтық сапарға шығарып слуды ұйымдастыруды толық жауапкершілігіне алатын компаниялар да бар. Оған денені екі рет жуындыру, 20 метр кебін, қарапайым кілем, денені тасымалдау кіреді, бағасы – 150 мың теңге.
«Бағасы біз қайда жерлейтінімізге, не істейтінімізге, имам шақырып-шақырмайтынымызға, қоршаудың болып-болмауына, денені қандай көлікпен таситынымызға байланысты. Бағасы 100 мың теңге болуы мүмкін, мұның бәрі сіздің қалауыңызға байланысты өзгеріп отырады», – деді компания өкілі.
Құжаттарды рәсімдеу қанша тұрады?
Осы саладағы компаниялар қайтыс болған адамның құжаттарын рәсімдеу жұмыстарымен де айналысады екен. Бұл қызмет құны 10 мың теңгеден басталады.
Тасымалдау құны қанша?
Денені мәйітханаға, үйге және қоштасу рәсіміне тасымалдау құны 20 мың теңгеден басталады екен. Енді бір компанияда 15 мың теңге көлемінде белгіленген. Бұл орайда компаниялар білікті мамандар мен арнайы көліктер пайдаланылатынын алға тартады. Енді бір компанияда баға 45 мың теңгеден басталады.
Сондай-ақ, адам туған жерінен шалғайда қайтыс болса, компаниялар тасымалдауды өз мойнына ала алады. Бұл қызмет құны 150 мың теңгеден басталады.
Жерлеудің қандай түрлері бар?
Қазір қайтыс болған адамды жерлеу қызметіне де несие қосылыпты. Яғни қайтыс болған адамның жақындарында қандай да бір қаржылық мәселе туындаса, «банк арқылы несиеге жерлеу» ұсынылады екен.
Одан бөлек, ыңғайлы жерлеу рәсімі және элиталы жерлеу рәсімі де бар екен. Алғашқысы 90 мың теңгеден басталса, элиталы жерлеу рәсімі 500 мың теңгеден басталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!