Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform
KAZINFORM – Қай еңбек саласында әйелдердің үлесі басым? Елімізде әйелдер мен еркектердің жалақысы тең бе? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жауап берді.
«Мемлекет қабылдап жатқан кешенді шараларға қарамастан, гендерлік саясатты іске асырудың пәрменді тетіктерін әзірлеу мәселесі өзектілігін жоғалтпайды. Әйелдердің қоғамдық өмірге толыққанды тартылуына кедергі келтіретін жекелеген кедергілер сақталуда. Ең алдымен, еңбек салаларын «ерлер» және «әйелдерге» арналған деп бөлу. Бүгінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында қызметкерлердің 70% – әйелдер. Бұл салаларда жалақы деңгейі нақты экономика салаларына қарағанда біршама төмен», – деді Сатыбалды Дәулеталин елордада өтіп жатқан Қазақстан еңбекші әйелдерінің І форумында.
Оның айтуынша, құқықтардың теңдігі мен қоғамда әйелдердің жоғары белсенділігіне қарамастан, ерлер мен әйелдер жалақысының айырмашылығы бар.
«Тәжірибе көрсеткендей, әйелдер үй шаруашылығына демалыс күндері күніне орта есеппен 4,5 сағат және жұмыс күндері 2 сағаттан астам уақыт жұмсайды. Бұл ерлермен салыстырған шамамен 2 және 4 есе көп. Әйелдердің жұмыспен қамтылуы, олардың еңбегіне әділ ақы төлеу мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық саясатының орталығында болуға тиіс. Жұмыс істейтін әйелдер, отбасылық міндеттері бар адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, тұрмыстық және еңбектегі әйелдерді кемсітудің кез келген түріне жол бермеу талап етіледі», – дейді ол.
Кәсіподақтар төрағасы мәлімдегендей, еңбек әйелдерінің І форумының мақсаты – құрылымдық жаңғыру жағдайында Қазақстан әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың әлеуметтік мәртебесі мен гендерлік теңдігін арттыруға ықпал ету.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!