Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова жәрдемақы мен төлемдердің барлық түрлерін жойып, 18 жасқа дейінгі әр балаға бір әмбебап жәрдемақы енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Қазақстанда 2,6 миллион кедей азамат, ЮНИСЕФ бағалауы бойынша миллионға жуық кедей бала тұратынын атап өтті. Бұл ретте мемлекет төлейтін жәрдемақы балаларға жетпейді.
«Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы: бірінші балаға – 16 802 теңге, екінші балаға – 19 865 теңге, үшінші балаға – 22 898 теңге, төртінші және одан да көп балаларға – 25 961 теңгені құрайды. Күніне бір балаға 560 теңгеден 865 теңгеге дейін құрайды, ал бір тұтқынның тамағына 1 018 теңге жұмсалады. Баланың анасына жәрдемақыда ақша қарастырылмаған», – деді депутат.
Айжан Сқақова 2021 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда орташа жалақы 230 829 теңгеге (шамамен 540 доллар) жеткенін, дегенмен, отбасында бірнеше бала болса, бұл ақша да жеткіліксіз екенін хабарлады.
«Жәрдемақыларды көбейту керек. Біз жәрдемақылар мен төлемдердің барлық түрлерін жоюды және 18 жасқа дейінгі әр балаға Қазақстанның туу және азаматтығы құқығы бойынша барлық балаларға орташа жалақы сомасында тағайындалатын бір әмбебап жеткілікті жәрдемақыны енгізуді ұсынамыз», – деп ұсыныс жасады депутат.
Парламент мүшесі балалары бар және аз қамтылған отбасылар үшін нөлдік пайыздық мөлшерлемемен, бастапқы жарнасыз, әлеуетті қатысушылардың үш жылдық тұру фактісін жеңілдете отырып, тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныс жасады.
Сондай-ақ, Айжан Сқакова мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді беру бағдарламасын қайтару қажет екенін мәлімдеді.
Бұдан өзге ауыл тұрғындарына 20 сотық жер учаскесін алуға мүмкіндік беруді ұсынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!