SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда балалардың әл-ауқаты индексін қалыптастыру аясында жүргізілген ұлттық әлеуметтік зерттеу нәтижесі ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастың әлсіреп бара жатқанын көрсетті.

Бала құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен 93 мыңнан астам адам, оның ішінде 52 754 ата-ана және 40 366 оқушы қатысқан.

Зерттеу қорытындысы бойынша, ата-аналардың 13,9%-ы жұмысының көптігінен балаларымен сөйлесуге уақыт таппайтынын айтқан. Ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (17,9%), Алматы (17,8%), Қостанай (17,3%) және Ақмола (16,1%) облыстарында тіркелді. Ал ата-аналар баласымен жиі сөйлесетін аймақтар қатарында Шығыс Қазақстан (9,1%), Батыс Қазақстан (10%) және Атырау (10,6%) өңірлері бар.

Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова бұл жағдайдың бала психологиясына тікелей әсер ететінін атап өтті:

«Ата-ананың тұрақты назары мен қатысуы — баланың эмоционалдық саулығының басты кепілі. Ересектер үнемі жұмыспен айналысып, балаларымен сирек сөйлескен жағдайда, отбасындағы сенім мен қолдау әлсірейді. Осы бағытта “Адал Азамат” бағдарламасы аясында ата-аналарға педагогикалық көмек көрсететін орталықтар жұмыс істейді. Биыл жаңа оқу жылынан бастап “ЦППР 3.0” атты жаңартылған бағдарлама енгізілді, онда цифрлық форматтар мен балалардың психикалық және эмоциялық дамуы қамтылған».

UNICEF халықаралық зерттеулері көрсеткендей, күніне небәрі 10–15 минут шынайы әңгіме — баланың сенімін нығайтып, мазасыздықты азайтып, эмоционалдық тұрақтылығын арттырады.

Комитет ата-аналарға мынадай кеңес береді:

Күніне 5 минут тыныш сөйлесу — баланың тұлға ретінде дамуына қосқан үлес.

Гаджетсіз, жанды әңгіме — эмоционалдық байланыстың негізі.

Егер бала жабық, мазасыз немесе ашушаң болса, міндетті түрде мектеп психологына, қолдау орталықтарына немесе 111 нөмірлі тегін тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефонына хабарласу қажет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!