Kyzylorda-news.kz. Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Balapan» телеарнасының жанынан «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік анимация мектебі жұмысын бастады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Арнайы жоба Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асырылуда. Мектеп оқушыларына Қазақстанның, Жапонияның, Оңтүстік Кореяның үздік мультипликаторлары дәріс оқиды.

Мектеп ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін жаңа дағдыларды үйренуге және қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар әлеуметтік қолдаудан басқа, телевизиялық дизайн саласында сұранысқа ие мамандарды оқытуды және үздік түлектердің болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасауды көздейді.

«Balapan» телеарнасы жанындағы мектептің тағы бір ерекшелігі, жасөспірімдер оқудан кейін қалыптасқан ересек мамандардан кеңес пен қолдау ала алады. Жобаға қатысу үшін 14-16 жас аралығындағы 30 бала іріктеліп алынды, олар 2021 жылдың наурыз-тамыз айларында онлайн-форматта оқиды.

Оқудың бірінші айында балалар анимация негіздері бойынша жалпы дәріс оқиды деп жоспарланған. Әрі қарай қызығушылығы мен бейіміне қарай бірнеше топқа бөлініп оқытылады.

Оқуға түсудің негізгі талаптары — балалардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығы, жасөспірімдердің шығармашылық әлеуеті. Сонымен қатар анимация салу адамға физикалық тұрғыда күш түсірмейді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда анимациялық дизайн саласы қарқынды дамып келеді. Оқу курсы тегін және жеке анимациялық студиялардың атсалысуымен қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асырылады. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы балаларға оқу үшін қажетті арнайы планшет пен басқа да техникалық құралмен қамтамасыз етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!