Фото: Ашық дереккөзден
Қазақстанда автобустарда қайырымдылыққа ақша жинайтын еріктілер тексерілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха журналистердің автобустарда қайырымдылыққа ақша жинайтын еріктілер туралы сұрағына жауап берді.
«Қарап, зерттеп көрейік. Бірақ, бұл жеке басқа қатысты мәселе, олар сізді бопсаламайды немесе талап етпейді. Сіз бергіңіз келсе бересіз, бермеуіңізге де болады. Екіншіден, бұл бетперде артында алаяқтар жасырынуы мүмкін, олай болса иә, бұл біздің құзыретіміздегі мәселе. Осы мәселені зерттеп көрейік. Бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар беремін, олар бұл жасөспірімдердің кім екенін, олардың артында кімдер, қандай ұйымдар тұр, барлығын тексереді», – деді Игорь Лепеха.
Вице-министр барлық мәселеге бірден тиісті заң жобасын әзірлеу қажет емес екенін айтты.
«Егер бұл алаяқтар болса, онда қылмыстық кодекске сәйкес жұмыс істейміз. Сосын ол жасөспірімдердің ата-аналары қайда екенін, неге рұқсат бергенін зерттеуіміз керек. Бұл қызметтің жалпы қаншалықты заңды екенін және қаржының қайда кетіп жатқанын зерттейміз», – деді вице-министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!