Фото: ашық дереккөзден

Күні кеше Конституциялық сот бойдақ ер адамдарға да бала асырау құқығын енгізетін қаулыны жариялады. Бұл қаулы талқылауға жатпайды және күзде жұмысқа кірісетін парламент тез арада Неке туралы заңға тиісті түзетулер енгізіп, бойдақтардың да бала асырап алуына жол ашуы керек. Айта кетейік, бұрын елімізде тұрмыс құрмаған әйелдер бала асырап ала алатын, ал, Неке туралы заң ерлерге мұндай мүмкіндік бермейтін. Міне, осы баппен келіспеген және осы бапты Конституцияға қайшы деп танып, Конституциялық сотқа арыз жазған жалғыз адам – Семей тұрғыны Ербол Аққожа. Azattyq Ruhy тілшісі Ербол Аққожаның байланыс нөмірін тауып, одан экслюзив сұхбат алды. 

Өзі адвокат болып жұмыс істейтін Ербол Аққожа бір жылдай уақыт бұрын бала асырап алғысы келіп, Семейдің білім бөліміне өтініш білдірген. Алайда, мемлекеттік орган Қазақстанда үйленбеген ер адамның бала асырап алуына рұқсат жоқ деп, өтінішін қайтарған. 

«2023 жылғы 24 қазанда мен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі органның қызметін орындайтын «Семей қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне мені жетім баланы асырап алғысы келетін адам ретінде есепке қоюды сұрадым. Бұл процедура – бала асырап алу процедурасының бастапқы кезеңдерінің бірі. 2023 жылғы 26 қазанда шыққан «Неке  және отбасы туралы» Кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы негізінде маған осы қызметті көрсетуден бас тартты», – дейді ол.

Оның айтуынша, заң алдында ер мен әйелдің құқығы тең болуы керек.

«Семей қаласының білім бөлімінің уәкілетті органы маған «бала асырап алғысы келетін адам ретінде есепке қою» мемлекеттік қызметін көрсетуден бас тарты. Заңға сәйкес, тіркелген некеде (ерлі-зайыптылықта) тұрмайтын ер адам асырап алушы бола алмайды. Тұрмыс құрмаған әйелдер үшін мұндай тыйым жоқ. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкес барлығы заң мен сот алдында тең. Ешкімді, соның ішінде жынысына байланысты кемсітуге болмайды. Бұл постулат сондай-ақ азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 26-бабында бекітілген, яғни жынысы бойынша кемсітуге тыйым салады», – дейді Ербол Аққожа.

Аққожаның айтуынша, біздің ел азаматтарының құқықтары жыныстық негізде шектелмеуі керек.

«Маған еркек болғандықтан және жалғызбасты адам ретінде бала асырап алуға тыйым салынды. Осы нақты жағдайда мен бала асырап алушы болғым келеді және өз құқығымды іске асыру мақсатында уәкілетті органға жүгіндім. Алайда заңның бұл нормасы маған ер адам болғандықтан мұны істеуге мүмкіндік бермейді. Осылайша, Кодекстің аталған нормасы Конституцияның 27-бабында көрсетілген ата-ана болу, бала асырап алушы, ата-ана болу құқығы, балаларға күтім жасаудың және оларды тәрбиелеудің табиғи құқығы, жеке отбасылық игілікке, менің жеке құқықтарыма әсер етеді және кедергі келтіреді», – дейді ол.

Ербол Аққожа осы факті бойынша Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне де жүгінген.

«Олар аталған жыныстық кемсітушілік кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етумен байланысты деп есептеді. Осылайша, орталық уәкілетті орган нақты құқықтық жағдайда маған қатысты даулы Кодекс нормасының императивтілігін растады», – дейді ол.

Осы мәселелерді негізге ала отырып, Ербол Аққожа Конституциялық сотқа құқығын қорғау үшін жүгінген.

«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-IV Кодексі 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының сәйкестігін қарау бойынша жүгіндім. Осы өтінішті Конституциялық сотта қарау кезінде мен өз мүдделерімді жеке өзім ұсындым. Іс толығымен онлайн форматта қаралды», – дейді ол.

Дегенмен біз конституциялық соттың бұл шешімі жуырда жындыханаға түскен Ұлықбек Сманов сияқты ер адамдарға бала асырап алу үшін жол ашып бермей ме деген сауал қойдық. Бәрімізге белгілі болып отырғандай, Ұлықбек Сманов әйелімен бірге алты баланы асырап алып, оларға ұзақ жылдар бойы қорлық көрсеткен. 

«Әрине, қазіргі таңда қоғамда балаларға неше түрлі зорлық-зомбылық жасайтын адамдар көбейді, бірақ олардың барлығы ер адам, сондықтан бүкіл азаматтар осындай деп айту дұрыс емес. Мысалы, аналар туған балаларын өлтірген кездер де кездесіп жатады. Конституциялық сотқа жүгінер алдында бұл мәселені көп тұлғамен талқыладым. Осы сұрақ бойынша Конституциялық сот процессіне қатысқан білікті мамандар менің көзқарасыма танытатын қарсылықтарының негізі ретінде ер адам болғандықтан (жыныстық жағынан) ол потенциалды зорлаушы, агрессор абьюзер және сол сияқты пікірлер болды», – дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, бұндай сарындағы пікірлер таптаурынға айналған.

«Біз талқылап жатқан мәселенің контекстінде оған дұрыс баға беру үшін бір мысал келтірейік. Елестетіп көріңіз, автомобиль – қазіргі таңда адамзатқа, оның өміріне ең қауіпті көлік құралы. Алайда осы дерек негізінде біз көлікке тыйым салған жоқпыз, бірақ олардың неғұрлым қауіпсіз болуына құқықтық жағынан түрлі айла тәсіл мен тетіктер тауып отырмыз. Сол сияқты  еліміздегі жалғызбасты ерлер де бала асырап алып, оларға зорлық-зомбылық жасайды деген тұжырым – қате. Неге десеңіз, баланы асырап алу өте қиын, күрделі әрі ұзақ процесс. Ақырында сот шешімімен шешілетін үрдіс. Ондай талап-арызды сот қанағаттандырудан бас тартуы да мүмкін. Сондықтан Конституциялық соттың шешімі елімізде дамыған елдердегі сияқты әйел мен еркектің құқықтарын теңестіруге көмектеседі деп ойлаймын», – дейді Ербол Аққожа.

Сондай-ақ ол таныстарының тарапынан жалған некеге отыру жайлы кеңестер болғанын да жеткізді. Ер адамға бала асырап алу шешімі шықпаса да, арам ойын жүзеге асырғысы келетіндер осы нұсқаны пайдалануы әбден мүмкін екенін жеткізді.

«Егер «сен баланы асырап алайын деген ниетің болса, формалды некеге отырып алып, сосын бала асырап алмайсың ба, сосын ажырасып баламен қала бересің» дегендер де болған. Оған мысал ретінде потенциалды зорлық көрсететін еркектер мұндай қадамға бара алмайтындығына кім кепіл бере алады», – дейді ол.  

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!