Фото: elements.envato.com
Қазақстанда Балалар қауіпсіздігі туралы заңға 55 өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ге сілтеме жасап.
Бала зорлағандар өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Динара Зәкиева осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы айтты.
«Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа арнайы бап енгізуді ұсындық, яғни зорлық-зомбылыққа және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілікті көздеуді ұсындық. Себебі қазіргі таңда осындай әрекеттерге тек әкімшілік бұзушылық кодексте жауапкершілік көзделген. Екіншіден, балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты татуласу рәсімі алынып тастау, себебі осындай әрекеттерді жасаған адам келесіде ауыр қылмыстарды жасайды. Үшіншіден, тергеу барысында балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстарға қатысты адамды бірден қамауға алуды ұсындық. Төртіншіден, балаларға қарсы жасалған ауыр қылмыстарға бас бостандығын шектеу деген жазаны алып тастауды ұсындық. Себебі осы жаза бойынша адам үйде отырады, ол нақты жаза емес деп ойлаймыз. Мысалы, Жібек жолы ауылында кішкентай қызды өлтірген адам осы жазамен үйде отырды. Сонымен қатар, балаларға қарсы жасалған жыныстық сипатта тиісу бабын енгізуді ұсындық және балаларға қарсы жасалған жыныстық зорлық-зомбылыққа тек өмір бойы бас бостандығынан айыруды қалдыруды ұсындық», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысы Сарыағаш ауданында бес жасар қызды зорлап, кейін өлтірген педофил жазасын Қазақстандағы ең қатал түрме «Қара бүркітте» өтейтіні хабарланған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!