Министрдің айтуынша, 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамтуды 95%-ке, ал 3-6 жастағы балаларды қамтуды 100%-ке жеткізу көзделіп отыр

 Жаңа оқу жылынан бастап балабақшалар білім берудің жаңа моделіне көшеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі. Тәрбиешілерді даярлау, біліктілігін арттыру жүйесі және бағдарламалар жаңарады», – деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Сондай-ақ, ваучерлік қаржыландыру тетігі де енгізіледі. Министрдің сөзінше, бұл балабақшалардың бәсекелестігін арттырып, білім сапасына оң өзгеріс әкеледі.

Аймағамбетовтің ақпаратынша, бүгінде республикада 3 пен 6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші 98,8 процентке дейін жетті. Десе де, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 71%-ті ғана құрап отыр.

«Сондықтан біз енді ерте жастағы, яғни 2 мен 6 жастағы балаларды қамту міндетін басты назарға қойып отырмыз. Осы жастағы балалар үшін ең көп кезек бүгінде Алматы, Түркістан, Маңғыстау облысы мен Алматы, Шымкент қаласында. Мақсат – 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамтуды 95%-ке, ал 3-6 жастағы балаларды қамтуды 100%-ке жеткізу», – деді ол.

Бұл үшін жекеменшік балабақшалар желісін одан әрі дамытып, ваучерлік қаржыландыру, сонымен қатар әлеуметтік тәрбиеші институты енгізілмек.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!