Баласын қауіпті жағдайда қалдырған ата-ана заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Яғни қомақты сомада айыппұл төлейді немесе қамауға алынады. Ал денсаулығына зиян келтірсе немесе бала үлкендер кінәсінен қайтыс болған жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Тек биылдың өзінде бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында тоғыз бала терезеден құлаған екен. Бүлдіршіндер аман қалған. Ал Павлодарда 9-қабаттан құлаған бір жарым жастағы бүлдіршінің өмірін дәрігерлер сақтап қала алмады. Бұдан бөлек, Өскеменде де төрт жасар бала 3-қабаттан құлап кеткен еді.

Бір өкініштісі, мұндай оқыс жағдайлар еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Ал құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі ата-аналардың бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағанынан болады. Бүлдіршін өміріне алдымен ата-ана жауапты екенін үлкендер де мойындайды.

Заң бойынша дәрменсіз адамды жалпы балаларды қауіпті жағдайда қалдыру 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 300 мың теңге көлемінде айыппұл салумен, қоғамдық жұмыс немесе 45 тәулікке дейін қамауға алумен жазаланады.

“Баланы қауіпте қалдырып кеткені үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 19-бабы бойынша жауапқа тарту қарастырылған. Өмірі мен денсаулық жағдайына қауіп төнген адамды көмексіз, қасақана тастап кету жауапкершілікке тартудың негізгі белгісі екенін атап өткім келеді”, – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Жасұлан Жұманалин.

Егер бала денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келсе, 6 миллион теңгеден аса айыппұл салынып, екі жылға бас бостандығынан айырылады. Ал егер бүлдіршін қайтыс болса ата-анасы үш жылға дейін қамауға алынады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!