Министрдің айтуынша, қазір зейнетке шығып жатқандардың зейнетақысы бұрын шыққан зейнеткерлермен салыстырғанда төмен, себебі еңбек өтілі аз.
«Сондықтан бірінші мәселе – базалық зейнетақының параметрлерін өзгерту, яғни оны көбейту. Екінші – ынтымақты зейнетақы мәселесін көтеру, оның да параметрлерін қарастыру. Біз барлық есебімізді жұмыс тобына өткіздік, енді екінші кезеңге шығып жатырмыз», – деді Дүйсенова парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап беріп.
Айтуынша, еңбек министрлігі жыл сайынғы бюджеттің 25%-ін төлемдерге жұмсайды. Мәселен биыл ведомствоға 4 триллион теңге бөлінсе, келесі жылы 4,5 триллион теңгеден асады.
«Біздің барлық есеп-қисабымыз қаржы министрлігі, ұлттық экономика министрлігінің тиісті департаменттерінде қаралып, тексеріледі. Қазір бірінші кезеңді аяқтадық. Енді екінші кезеңде қаржы және ұлтттық экономика министрлері деңгейінде қарастырамыз. Одан кейін республикалық бюджеттік комиссияға шығамыз», – деді Дүйсенова.
Сондай-ақ, министр зейнетақы аннуитеті арқылы зейнетке ерте шығу жүйесін жетілдіру мәселесі де талқыланатынын атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!