Конституциялық сот елде бейбіт жиындар қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Конституциялық Сот азаматтың «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігі 2) мен 3) тармақшаларының және 14-бабы 1-тармағы 10) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

2023 жылғы ақпанда Астана қаласының әкімдігі өтініш субъектісіне «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау мәселесі бойынша ұстаным білдіру үшін ол ұсынған бейбіт жиналыс орны мен уақытын ұйымдастырудан бас тартқан. Хабарламаны қарау қорытындысы бойынша әкімдік орын мен уақыт бойынша бұрын келісілген басқа іс-шараға сілтеме жасай отырып, бас тартқан.

ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖИЫН ӨТКІЗІЛМЕЙДІ

– Өтініш субъектісінің пікірінше, Заңның аталған ережелері жергілікті атқарушы органдарға бейбіт жиналыс ұйымдастырушыға өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы алдын ала балама ұсыныс жібермей, оны өткізуден өз бетінше бас тартуға мүмкіндік береді. Өтініш субъектісі қолданыстағы норма ұсынылып отырған бейбіт жиналыстан бас тартудың мөлшерлестігі және оның ықтимал қатер дәрежесі мәселесін шешпейді деп есептейді.

Заңның 11-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларын тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот жергілікті атқарушы органға: 1) бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға бейбіт жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуді ұсыну; 2) заңда тікелей белгіленген жағдайларда оны өткізуден бас тарту өкілеттіктерін беру туралы ережелер Конституцияға сәйкес келеді тұжырымға келді.

Сонымен қатар Конституциялық Сот, егер бейбіт жиналыс өткізудің болжамды уақытында және орнында басқа да іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса не құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса, бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуды көздейтін Заңның 14-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына қатысты Конституцияға сәйкес келетін түсіндірме берді. Атап айтқанда, ол адамның құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс екенін еске салып өтті.

Осыған байланысты Конституциялық Сот Заңда бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім негізді және дәлелді болуға тиіс және Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкін деген императивті талап қамтылатынын атап өтті. Сондықтан әрбір нақты жағдайда бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту туралы шешім іс-шаралардың мақсаттарын, өзектілігін, қоғамдық маңыздылығын және ауқымын, сондай-ақ өзге де объективті факторларды ескере отырып, барлық мән-жай мен ықтимал тәуекелдердің егжей-тегжейлі талдауына негізделуге тиіс.

Конституциялық Сот Заңда көзделген құралдар (мысалы: бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға жиналысты өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсыныстар) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы келісу рәсімдері шеңберінде іске асырылады деп көрсетті. Осылайша, Конституциялық Сот бас тарту туралы шешім қабылданар алдын жергілікті атқарушы органның бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға осындай ұсыныс енгізуі міндетті болып табылады деп қаулы шығарды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!