Фото: yandex.kz
Халық саны 10 мың адамнан аз қалалар ауыл санатына ауыстырылмақ. Мұндай ұсыныс Ашық НҚА порталында жарияланған «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, мұндай қалаларға мыналар жатады:
– Степняк – Ақмола облысы Біржан сал ауданының әкімшілік орталығы. Ондағы халық саны – 3 800 адам;
– Темір – Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты қала. Онда 2 100 адам тұрады;
– Жем – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан қала. Бұл шаһарда 1 500 тұрғын бар.
Сондай-ақ жоғарыда аталған қалаларға елді мекен мәртебесін беруді ұсынғанымен, басқа 17 ірі ауылды керісінше шаһарға лайық деп танып отыр.
«Ірі 17 ауыл бойынша олардың ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе шешуді қажет етеді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылында – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың тұрғын бар», – делінген тұжырымдаманың өзгеріс енгізілгелі отырған нұсқасында.
Құжат 26 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!