2024 жылы Қазақстан жолдарында 31 мыңнан астам жол апаты болған, бұл 2023 жылға қарағанда екі есе көп. Жол апаты салдарынан 40 мыңнан аса адам зардап шегіп, 2 452 адам көз жұмған. Бұл туралы Орталық коммуникацыиялар қызметінде өткен брифингте денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау саласының мамандарын жол апатынан жарақаттанғандар санының көбеюі ерекше алаңдатып отыр.
Былтыр жол-көлік оқиғаларының көбі қалада (72%), 14 пайызы ауылда және 13 пайызы тас жолда тіркелген. Жарақат бойынша жедел жәрдемге барлығы 741 728 қоңырау түссе, соның 47 814 немесе 5,5%-ы жол апатына келеді.
Олжас Бекарысовтың айтуынша, халықаралық зерттеулерге сәйкес қозғалыс жылдамдығының өсуі жол апатының ауырлығына тікелей әсер етеді. Орташа жылдамдықтың небәрі 1 км/сағ-қа артуы зардап шеккендермен болатын апат ықтималдығын 3%-ға, ал өліммен аяқталатын ЖКО қаупін 4-5%-ға арттырады. Ал 80 км/сағ жылдамдықпен жүріп келе жатып жаяу жүргіншіні қағып кеткен кезде оның қаза болу ықтималдығы 90%-дан асады. Қалада жылдамдықты 60-тан 50 км/сағ-қа дейін азайту жаяу жүргінші өткелдеріндегі өлімді 30-40 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, халықаралық практика жылдамдық режимін ішінара сақтаудың өзі жол апаты санын 20-25%-ға төмендетуге сеп болатынын көрсетіп отыр. ДДҰ статистикасы бойынша қауіпсіздік белдігін тағу өлім қаупін 40-50%-ға, ал ауыр жарақат алу қаупін 25%-ға төмендетеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!