Жоғары аудиторлық палата зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеріс нәтижесінде жүкті әйелдер декреттік төлемді көбейту үшін табысын қолдан өсіргені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудиторлар жүктілік пен босануға байланысты төлемдерді көбірек алу үшін әйелдер табысын жасанды түрде көтеріп көрсеткен жағдайларды анықтаған.
«Кейбір жағдайларда аударымдар бір мезгілде 3-10 жұмыс орнынан түсіп отырған, ал 169 адам 16-дан астам ұйымда есепте тұрған. Мұндай фактілерді болдырмау үшін нормативтік базаны пысықтау қажет», – деп ұсынды ЖАП.
Сонымен қатар, Әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сенімгерлік басқарудан шамадан тыс алу фактілері тіркелген. Бұл 216 млрд теңгеден астам сомаға активтерді тиімсіз пайдалануға әкелді.
ЖАП ақпаратынша, әлеуметтік төлемдердің ең жоғарғы шегі туралы нақты ереже жоқ, ал төлем алушылардың табысын тексеруде мемлекеттік кірістер органдарымен байланыс жеткіліксіз. Соның салдарынан Әлеуметтік сақтандыру қорының 96 млрд теңге активтері жоғалған.
Мемлекеттік органдардың дерекқорлары өзара байланыспағандықтан, қайтыс болған адамдар, шетелге тұрақты кетіп қалғандар немесе консулдық есепте тұрғандар туралы деректер уақытында анықталмайды. Бұл зейнетақы және әлеуметтік төлем жүйелерінің тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселені де шешу қажет, деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата.
«Алдағы уақытта зейнетақы мен жәрдемақы алатын адамдардың санын дұрыс жоспарлау үшін ортақ әдістеме қажет. Бұл бюджет қалыптастыруды да, оның орындалуын да жақсартады», – деді ЖАП.
Аудит қорытындысы бойынша 5 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 216,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталып отыр. Сонымен қатар 46 жүйелі кемшілік табылып, 22 материал әкімшілік жауапкершілік үшін берілді, ал 2 факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
