фото: baq.kz
Табыс жеткіліксіз болғандықтан ипотекадан бас тарту – көптеген қарыз алушылар үшін жиі кездесетін жағдай. Кредит мақұлдану мүмкіндігін арттырудың бір жолы – бірлесіп қарыз алушыны табу, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бірлесіп қарыз алушы деген кім және ол не үшін керек?
Бірлесіп қарыз алушы – негізгі қарыз алушымен бірге ипотеканы рәсімдейтін адам. Ол несие рәсімдеуге қатысады және банк алдында негізгі қарыз алушымен бірдей міндеттемелерді атқарады. Егер негізгі қарыз алушы ипотекалық төлемдерді уақытында төлемесе, банк қарызды одан талап етуге толық құқылы.
Бірлесіп қарыз алушы ипотека мақұлдану мүмкіндігін арттыру немесе несиенің үлкенірек сомасын алу үшін қажет. Ипотека рәсімделгенде негізгі қарыз алушы мен оның табыстары қосылып есептеледі.
Кім бірлесіп қарыз алушы бола алады?
Негізгі талап – тұрақты ресми табыс, несие рәсімдеуге жеткілікті болуы керек. Бұл міндетті түрде туыс болуы шарт емес. Дос, әріптес, таныс – банк талаптарына сай кез келген адам бола алады.
Егер ипотека некеде рәсімделсе, ерлі-зайыптылар автоматты түрде бірлесіп қарыз алушы болып саналады, тіпті кредит шартында олардың тек біреуінің аты ғана көрсетілсе бұл жағдай өзгермейді. Ерекшелік – мүлікке қатысты нақты шарттары көрсетілген неке шарты.
Бірлесіп қарыз алушының ипотекалық тұрғын үйге меншік құқығы бар ма?
Ол банк алдында негізгі қарыз алушымен бірдей жауапкершілікке ие. Сонымен қатар ол сатып алынған мүлікте үлеске ие болады. Ипотекалық жылжымайтын мүліктегі үлестер тараптардың келісімі бойынша бөлінеді, бұл міндетті түрде 50/50 болуы шарт емес. Әр адамның үлесі мәміле кезінде сатып алу-сату шартында көрсетіледі.
Егер шартта арнайы көрсетілмесе көрсетілмесе, ол ипотекалық пәтерден үлес ала алады.
Маңыздысы: егер бірлесіп қарыз алушыда меншік үлесі болса, ол пәтерде тұра алады немесе оны өз қалауы бойынша пайдалана алады. Мәселен, өз үлесін жалға берсе болады. Сондай-ақ бірлесіп қарыз алушы шартқа қол қоярда сатып алынатын мүліктен меншік құқығынан бас тартуына болады.
Бірлесіп қарыз алушы болудан бас тартуға бола ма?
Ол тек банк келісімімен ғана шарттан шыға алады. Көбіне бұл негізгі қарыз алушының табысы кредитті өз бетінше төлеуге жеткілікті болған жағдайда мүмкін. Егер жеткіліксіз болса, жаңа бірлесіп қарыз алушы табу керек.
Кімді таңдаған дұрыс: бірлесіп қарыз алушыны ма, әлде кепілгерді ме?
Егер қарыз алушы тұрғын үйге меншік құқығын біреумен бөліскісі келмесе, бірақ табысы ипотека алуға жеткіліксіз болса, бірлесіп қарыз алушының орнына кепілгер тартуға болады. Оның да табысы несие рәсімдеуде ескеріледі, бірақ ипотеканы ол тек негізгі қарыз алушы төлемеген жағдайда ғана төлейді.
Кепілгер банкке негізгі қарыз алушы кредитті төлей алмай қалса, бұл міндеттемені өз мойнына алуға дайын екенін кепілдендіреді. Бұл ретте ол тұрғын үй сатып алуға қатыспайды және ипотекалық тұрғын үйге меншік құқығына ие болмайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!