Биыл шілде айына дейін 18 мың азамат әскер қатарына шақырылады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Қарулы күштердің Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Бауыржан Артықов айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“1 наурыздан бастап жергілікті атқарушы органдарының 195-ші әскерге шақыру пунктерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастайды. Оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. 2023 жылы 1 шілдеге дейін Қарулы күштерге басқа да әскер құрылымдарының қатарына әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18-27 жасқа дейінгі 18 мың ер азамат шақырылады”, – деді Қарулы күштердің Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов. 

Сонымен қатар департамент бастығы әскерге барып, отан алдындағы борышын өтеу әрбір азаматтың парызы екенін еске салды. 

“Шақырту қағазы азаматтардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жіберіледі. Бұл ретте осы процесті автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап  әскерге шақырылушылар SMS-хабарлама алу арқылы да хабардар етіледі”, – деді Бауыржан Артықов. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!