Фото: Stan.kz
2024 жылы 27 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарында көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар жалпы сомасы 38,1 миллиард теңгеге орта есеппен 571,6 мың отбасын қамтыған.
«Кәмелетке толмаған 4 және одан да көп баласы бар отбасылар немесе бірге тұратын 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттер табысына қарамастан, аталған мемлекеттік жәрдемақыға өтініш бере алады», – делінген хабарламада.
Еңбек министрлігі төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланғанын хабарлады:
- 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;
- 8 және одан да көп балаға – 4 АЕК немесе әр балаға 14 768 теңге.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 7 пайызға ұлғайтылды. Биыл көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474, 8 миллиард теңге қарастырылған”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық қордан болашақ зейнеткерлерге төлем жасалып, жасалмайтыны туралы жазған едік.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!